​Қостанайлық полицейдің дәрігер сыныптасын не үшін атқаны белгілі болды

0
2 362

37 жастағы кластастардың бірі полицей, өзгесі қаладағы ауруханада стоматолог болып істеген.


​Қостанайлық полицейдің дәрігер сыныптасын не үшін атқаны белгілі болды

иллюстрациялық фото

Қостанайда полиция қызметкері адам атып өлтірді. Сұмдық оқиға түн жарымда болған. Бұрыннан таныс жандардың арасында кикілжің болып, артық сөзді көтере алмаған орган өкілі қолындағы қарумен оны жайратып салған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға болған жерге алғаш барғандардың бірі - қостанайлық блогер Қадырхан Утин. Оның айтуынша, бұл жайтты көргендер де бар екен. Куәгерлер әлеуметтік желі белсендісіне қылмыстың қалалық полиция бөліміне жақын жерде жасалғанын хабарлапты.

"Қылмыскер марқұмды қаладағы «West» түнгі клубынан қалалық полиция бөліміне жақын жерге дейін қуып келген. Демек, Таран, Қайырбеков көшелерін кесіп өтіп, Абай көшесінде аялдамаға жеткенде, атқан. Маған рация арқылы хабарлаған куәгерлер 5 рет оқ дауысын естігендерін айтты" - дейді Блогер, Қадырхан Утин.

Полицейлер де бірден үн қатты. Олардың дерегіне сүйенсек, шытырман оқиғаның басты кейіпкерлері сыныптастар екен. Оншақты адамнан тұратын чатта екеуі өзара сөзге келіп қалыпты. 37 жастағы кластастардың бірі полицей, өзгесі қаладағы ауруханада стоматолог болып істеген.
Тіс дәрігері кикілжің кезінде полицейді мәселені жұдырықпен шешуге шақырған екен.
"Досым, мен бір топ жандармен келе жатырмын. Сен өзіңмен 30 шақты адамды алып кел. Оның өзі де аздық ететін сияқты. Өйткені бізде тапаншалар, соққытаяқтарымыз бар. Қазір келеміз"
Өкінішке қарай, стоматолог сол кездесуде мерт болған. Оқиғаның қалай болғанын аймақтың бас полицейі былай деп түсіндірді.
"8 наурызда таңғы сағат үштер шамасында бұрын сотталған сыныптасы мас күйде қызметкердің үйіне танысымен көлікпен барады. Полицей кездесуге өз атына тіркелген қару алып шыққан. Сыныптасы полицейге жақындай бергенде, жағдайды объективті бағалай алмаған қызметкер тағы да қоқан-лоқы естіген соң, оқ атқан. Жәбірленуші қайтыс болды"
БЕКЕТ АЙМАҒАМБЕТОВ, Қостанай облыстық полиция департаменті басшысының ресми жауабы:
Бекет Аймағамбетов көз жұмған жанның бұрын істі болғанын айтады. Өңірдің бас полицейі, сондай-ақ, оның кездесуге ащы суға тойып барғаны белгілі болды деді. Ал, сыныптасын мерт қылған қоластындағы полицей «қатардағы қарапайым программист» болып істейді екен.
Күдікті қамауға алынып, қанды оқиғаның жай-жапсары тергеліп жатыр.