Сараптама қыздардың мас болғанын растаған.
ERNUR.KZ. Павлодар облысында кәмелет жасқа толмаған қыз қоғамдық дәретханаға түсіп кетті, деп жазады Stan.kz.
26 тамызда кешкі сағат 19:30-да Екібастұз қаласындағы «Шахтер» саябағында қыздың дәретханаға түсіп кеткені туралы қоңырау түскен. Полиция қызметкерлері, ювеналдық полиция қызметкерлері мен шұғыл қызметтер дереу оқиға орнына жіберілген.
Белгілі болғандай, 2004 және 2003 жылғы екі қыз сыра ішіп, «Шахтер» саябағына серуендеуге барады. Артынша олардың бірі қоғамдық дәретханаға барып, онда түсіп кеткен.
«Ол көзілдірігін түсіріп алған. Соны алмақ болғанда, өзі дәретханаға түсіп кеткен. Оқиға орнына кәмелет жасқа толмаған қыздардың ата-аналары шақырылды. Қызды аман-есен шығарып алды», - дейді полициядағылар.
Сараптама қыздардың мас болғанын растады. Олардың ата-анасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабына (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) сәйкес жауапқа тартылады. Ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Сонымен қатар кәмелет жасқа толмаған балаларға спиртті ішімдік сатқан дүкеннің иесі де жауапқа тартылады», - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.