ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия алу рәсімін жеңілдетуді көздеп отыр

0
584

​2021 жылы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия алу рәсімін жеңілдетуді көздеп отыр

ERNUR.KZ. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері таныстырылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Отырысты ашқан министр мемлекеттік қолдау шараларының арқасында отандық АӨК тұрақты дамуына қол жеткізілгенін атап өтті.

Сонымен бірге, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың пайда болуына, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына әкеп соққан елеулі кемшіліктер әлі де бар. Бұл бақылаушы органдардың тексерулерімен ғана емес, экономикалық қылмыстарға қарсы күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізген кешенді талдаумен де дәлелденеді.

Осы тексерулердің қорытындысы бойынша олар ауыл шаруашылығы министрлігіне анықталған кемшіліктерді жоюды және ауыл шаруашылығын субсидиялаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аударды.

Бұл проблемаларды шешу үшін министрлік АӨК мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобын құрды, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары кірді.

«Бүгін жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Алдымызда үлкен жұмыс тұр. Жұмыс тобының қызметі шеңберінде субсидиялау тетіктерін жеңілдету мен оңтайландыруды, АӨК барлық субъектілері үшін субсидиялардың ашықтығы мен тең қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейтін субсидияларды бөлу жүйесін қайта қарау бойынша шаралар әзірленетін болады» - деді Ербол Қарашөкеев.

Жұмыс тобы әзірлейтін барлық тәсілдер жұртшылықтың, қауымдастықтар, одақтар және агробизнес өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыланатын болады.

Бүгінгі күні АӨК субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың тұрақтылығы мен сабақтастығы қағидаттарын заңнамалық бекіту мәселесі пысықталып жатыр.

Әділ бөлуді ескере отырып, бір ақпараттық жүйе базасында барлық субсидияларды беруді қамтамасыз етуге қабілетті субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесін енгізу жоспары бар.

«Бүгінгі таңда министрлік субсидиялау жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа тәсілдерді әзірледі және біз оларды алғашқы жұмыс нұсқасымен таныстыруға дайынбыз», - деп хабарлады ведомство басшысы.

«АӨК субсидиялаудың жаңа тәсілдері туралы» баяндамасымен Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеухан Нұрқиянов жұмыс тобының мүшелерін АӨК субсидиялаудың қолданыстағы тетігінің кемшіліктерімен қысқаша таныстырды. Атап айтқанда, ол субсидиялау бағытының күрделілігі мен көптігіне, бақылау қиын болатын аралық технологиялық процестерді қолдауға бағдарланғанына және субсидиялау нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік беретін норманың жоқтығына назар аударды. Сонымен қатар, субсидия алушылардың нақты нәтижелерге қол жеткізгені үшін жауапкершілігі жоқ. Қолданыстағы субсидиялау тетігін жетілдіру үшін министрлік субсидиялау бағыттарын барынша қысқартуды, субсидия алушыларға міндеттемелер нормасын енгізуді, цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін жеңілдетуді, жануарларды есепке алудың қолданыстағы жүйесінің функционалын түбегейлі қайта қарауды, сондай-ақ субсидияларды түпкілікті еңбек нәтижесін алуға бағдарлауды ұсынады.

Талқылау барысында әкімдердің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, сондай-ақ одақтар мен қауымдастықтардың өкілдері өз ұсыныстары мен ескертулерін ортаға салды.

Жиын соңында ведомство басшысы жұмыс тобының барлық мүшелеріне белсенді жұмысы үшін алғысын білдіріп, бір апта мерзімде айтылған ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, субсидиялау жүйесін пысықтауды және жобаны жұмыс тобының келесі отырысына шығаруды тапсырды.