Шымкентте полицейлер ірі алаяқтық қылмысын ашты.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының тұрғыны өзін банк қызметкерлеріміз деп таныстырған белгісіз тұлғалардың қоңырауына алданып, полицияға жүгінген. Алаяқтар азаматшаның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, сеніміне кіріп, өз нұсқауларын орындауға көндірген.
Нәтижесінде қаскөйлер жәбірленуші мен оның жұбайының атына бірнеше банктен несие рәсімдетіп, тіпті олардың үйі мен автокөлігін төмен бағамен сатуға көндірген.
Келтірілген жалпы материалдық шығын 25 миллион теңгеден асты.
Тергеу барысында жәбірленушілер қаражаттың бір бөлігін алаяқтардың нұсқауымен белгісіз шоттарға аударғаны, ал қалған соманы үйіне келген курьерге беріп жібергені анықталды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері аталған қылмысқа қатысы бар тұлғаларды Алматы және Шымкент қалаларында анықтады. Белгілі болғандай, олар ұрланған қаражатты Шымкенттегі айырбастау пункті арқылы Грузияға аударған.
Полицейлер екі күдіктіні ұстады. Алаяқтық жайты бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
Полиция азаматтарды аса мұқият болуға шақырады: өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырған бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеңіздер; жеке деректерді, құпия кодтар мен парольдерді ешкімге айтпаңыздар; күмән тудырған жағдайда бірден полицияға жүгініңіздер.