Роналдудың байлығы бүгінде 1,4 миллиард долларды құрайды.
ERNUR.KZ. Bloomberg агенттігі португалиялық форвардтың байлығын бағалап, оны өзінің "Миллиардерлер индексіне" (Bloomberg Billionaires Index) енгізді. Басылымның хабарлауынша, Криштиану Роналду ұзақ уақыт бойы басты қарсыласы – аргентиналық Лионель Мессимен шамалас табыс тауып келген, деп жазады zakon.kz.
Алайда 2023 жылдан бастап жағдай күрт өзгерді. Сол жылы португалиялық жұлдыз Сауд Арабиясының "Аль-Наср" клубына рекордтық 200 миллион долларлық келісімшартпен ауысты. Кейін бұл келісім ұзартылып, қазіргі таңда оның құны 400 миллион доллардан асады.
Ал Лионель Месси 2023 жылдан бері америкалық "Интер Майами" сапында ойнап жүр және табысы Роналдудан төмен. Дегенмен, мансабын аяқтаған соң аргентиналық футболшы клубтың үлесіне ие болуы мүмкін. Бұл оған Роналдумен қаржылық тұрғыда теңесуге мүмкіндік береді.
40 жастағы Роналду – УЕФА Чемпиондар лигасының бес дүркін жеңімпазы, Еуропа чемпионы, УЕФА Ұлттар лигасының екі мәрте жеңімпазы, ұлттық құрамалар тарихындағы, Еуропа чемпионаттары, Чемпиондар лигасы мен клубтық әлем чемпионаттарының үздік сұрмергені. Ол бес рет жылдың үздік ойыншысы атанып, "Алтын допқа" ие болған. Сонымен қатар, Криштиану Роналду ресми матчтардағы 900 голдық (946 гол) межені бағындырған әлемдегі алғашқы футболшы.