ҚТЖ-ның еншілес компаниясы қымбат пәтер мен көліктерді қайдан алғаны белгілі болды

0
2 469

2023 жылғы наурыздан бастап KTZ Express компаниясы алынған мүлікті "Ақпараттық-есепке алу орталығы" АҚ мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы сатуға тырысып жатыр.


ҚТЖ-ның еншілес компаниясы қымбат пәтер мен көліктерді қайдан алғаны белгілі болды

ERNUR.KZ. "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясы KTZ Express акционерлік қоғамы неге жақында аукционға қойылған Астанадағы элиталық тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлік пен қымбат шетелдік көліктерге иелік ететінін түсіндірді, деп жазады tengrinews.kz.

Мүлік ҚТЖ еншілес компаниясына сот барысында қалғаны белгілі болды.

"Сот үкімі бойынша, KTZ Express АҚ пайдасына вагондарда жүк тасымалдауға бөлінген кодты заңсыз пайдаланғаны үшін жосықсыз экспедиторлар тарапынан материалдық залал өндірілді. Материалдық залалды өтеу есебіне сотталғандардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкі, оның ішінде 2014 және 2019 жылдары шығарылған Lexus LX570 маркалы автокөліктері, жалпы ауданы 159,3 шаршы метр пәтер берілді", - делінген ҚТЖ-ның Tengrinews.kz ресми сауалға берген жауабында.

Ұлттық компания мәліметінше, сот шешімі бойынша ҚТЖ залалын өтеген экспедиторлар Қылмыстық кодекстің 195-бабы 4-бөлігі "Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы ірі мөлшерде жымқыру белгілерінсіз меншік иесінің сенімін алдау және теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіру" бойынша кінәлі деп танылған.

Осылайша, 2023 жылғы наурыздан бастап KTZ Express компаниясы алынған мүлікті "Ақпараттық-есепке алу орталығы" АҚ мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы сатуға тырысып жатыр.