«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Түркістан облысында ұлттық жоба аясындағы жұмыс қарқынды

0
870

Ұлттық жобаның тиімділігі мол болмақ.


«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Түркістан облысында ұлттық жоба аясындағы жұмыс қарқынды

2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген. Сол базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылатын болып жоспарланған. Атап өтсек, бас жоспарда мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған.


«Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.


Осыған орай біраз уақыт бұрын Түркістан облысындағы барлық автокөлік жолдарының жөндеуден өтетіні жайлы мақала жариялағн едік. Ал, бүгін тұрғындарды баспанамен қамту, коммуналдық шаруашылықты дамыту мақсатында Түркістан өңірінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариевамен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.



– Роза Олжабайқызы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қай салаларды дамыту көзделген?


Жалпы, ұлттық жоба аясында көптеген жұмыстарды атқару көзделіп отыр. Соның ішінде азаматтарды тұрғынүймен қамту, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау, ескі орамдарды реновациялау және апаттық тұрғын үйлерді бұзу бойынша жұмыстар жүргізу, сонымен қатар, тұрғынүйлерді ортақ жылумен, ауызсу және су есептегіш құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары да бар. Мұның барлығы «Жайлы тұрғын үй» бағытының шеңберінде атқарылатын істер.



Жоба басталғалы бері Түркістан облысында өзіңіз қызмет ететін тұрғынүй-коммуналдық секторды дамыту саласы бойынша қандай жұмыстар атқарылды?


Ұлттық жоба іске қосылғаннан бүгінге дейін Түркістан қаласының өзінде «Отбасы банкінің» бағдарламасы арқылы 883 пәтердің конкурсы өткізілді. Ал, «7-20-25» бағдарламасы аясында конкурс нәтижесі бойынша 474 отбасыға тұрғынүй сатылып алынды. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша жергілікті бюджеттен қажетті қаражатты қарастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тұрғынүй қорынан баспана алуға кезекте 47 402 адам тұр. Оның 12 040-ы көпбалалы отбасылар болса, 21 478-і халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататындар, 12 124-і бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 1 656-сы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және 92-сі баспанасы апаттық жағдайда деп танылған отбасылар.

Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері 3 800 отбасы коммуналдық тұрғынүй қорынан баспанамен қамтылған. Оның 2,5 мыңнан астамы кезек ретімен алған әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар болса, 1279-ы көпбалалы отбасылар.



– Ал, коммуналдық шаруашылық саласында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?


– Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде облыс аумағында 351 дана жалпыүйлік жылу автоматты есептегіш құралдары, 14 дана су есептегіш құралдары, 17 857 жеке импульсті электр энергиясының ресурстарын тұтынуды есептейтін құралдар орнатылған. Сонымен қатар, көшелерге жарықтандыруды қосудың механикалық таймері функциясымен жабдықталған 21 760 шам, 1493 дана күн сәулесінен қуат алатын жарық құрылғылары орнатылған.



– Сапалы ауызсумен қамтамасыз ету саласының жай-күйі жайлы айтып берсеңіз.


– 2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша өңірдегі 841 елдімекеннің 717-сі ауызсумен қамтамасыз етілген. Тарқатып айтар болсақ, 2021 жылы ауызсумен қамту саласы бойынша облыс аумағында 58 нысанның құрылысына бюджеттен 12,7 млрд. теңге бөлінді. Оның 11,4 млрд. теңгесі Ұлттық қордан, 0,1 млрд. теңге республикалық бюджеттен және 1,2 млрд. теңгесі облыстық бюджеттен қаралған. Сол 58 нысанның 22-сі пайдалануға берілсе, қалған 36 нысанның құрылысы 2022 жылға өтпелі болды. Нәтижесінде, 20 елдімекен ауызсумен қамтамасыз етіліп, 8 елдімекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Ал, биыл 38 нысанның құрылысына ұлттық қордан 15,8 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның 30-ы 2022 жылы пайдалануға берілсе, қалған 8 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі болады. Жыл соңына дейін 13 елдімекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету, 14 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Сөйтіп, 2022 жылдың қорытындысымен 841 елді мекеннің 730-ы (7 қала мен 723 ауыл) ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі таңда облыста ауызсумен қамтамасыз етілмеген 124 елдімекен бар. Ол ауылдарда 110 мыңға жуық адам тұрады. Осы орайда 74 елдімекенге су құбырларын жүргізу, 50 ауылға блок-модуль кешенін орнату жоспарда тұр. Сонымен қатар, 201 елдімекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартуды қажет етеді.


– Электр қуатымен қамту мәселелері де қазір өзекті. Бұл сала бойынша облыста ілгерілеу бар ма?


– Өңірімізде энергетика саласын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Мысалы, ішкі көздерден электр энергиясын өндіруді ұлғайту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, 2017-2021 жылдары аралығында қуаты 220,1 МВт болатын 20 жоба іске асырылды. Ал, 2022-2023 жылдары жалпы қуаты 109,95 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздері нысандарын салу жоспарлануда. Олардың алтауы қуаты 96,95 МВт-тық күн және қалғаны қуаты 13 МВт-тық шағын су электр станциялары. Сондай-ақ, Түркістан қаласында 2022-2024 жылдары қуаты 50 МВт болатын «Түркістан ЖЭО құрылысы» нысанын іске асыру жоспарланып отыр. Одан бөлек, 2025 жылға дейін облыс аумағында генерацияның маневрлік режимімен генерациялайтын, қуаты 350 МВт-тан 1000 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу көзделген. Бұл қондырғының құрылысы үшін Кентау қаласы және Түлкібас ауданынан жер телімдері қарастырылды.


2021 жылы электр қуатымен қамтамасыз ету саласында 53 нысанның құрылысына 7,9 млрд. теңге қаралып, жыл қорытындысымен 19 нысан пайдалануға берілді. Қалған 34 нысанның құрылысы 2022 жылға өтпелі еді. Нәтижесінде 40 елдімекендегі 32 мың тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілді. Ал, биыл электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарға 13,7 млрд. теңге қаралып, 31 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оған қоса, Келес ауданында 220, 110, 10 кВ-тық «Қызыләскер» қосалқы станциясының және 110 кВ-тық электр желісінің құрылысын аяқтап, 2022 жылдың тамыз айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Нәтижесінде, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Жетісай және Мақтарал аудандарының 700 мыңнан астам тұрғыны, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық нысандары тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтылады.



– Табиғи газбен қамтамасыз ету саласы да күн тәртібінен түскен емес. Өңір азаматтарын көгілдір отынмен қамту көрсеткіштері қандай?


– Өткен жылдың басындағы дерек бойынша өңірдегі 841 елді мекеннің 423-і табиғи газбен қамтылып, 1 млн. 274 мың тұрғын көгілдір отын пайдаланып отырған еді. Дегенмен, 2021 жылы 97 нысанның құрылысына бюджеттен 15,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, 28 нысанның құрылысын аяқтау арқылы тағы да жүз мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтылған. Қалған 69 нысан 2022 жылға өтпелі болды. Сөйтіп, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 841 елді мекеннің 457-сіне газ барып, тұтынушылар саны 1 млн. 374 мыңға жетті. Енді биыл 50 нысанның құрылысына бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлініп отыр. Біздің жоспар бойынша биыл 15 нысанның құрылысы аяқталып, 33400 тұрғын табиғи газбен қамтылмақ. Қалған 35 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі болады. Тиісінше, биылғы жылдың қорытындысымен көгілдір отын тұтынуға мүмкіндігі бар адамдар саны 1 млн. 407 мыңға дейін артады. Жалпы, «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес, 250 елдімекенде тұратын 384 190 тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Нәтижесінде, 2025 жылы өңірдегі 722 елдімекенде өмір сүретін 1 млн. 791 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.


– Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басты жоспары қандай?


– Ұлттық жобаны іске асыру үшін көзделген жоспарға сәйкес барлық жұмыстарды жүргізу. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жобада көзделген стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізу. Тиісінше, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құруға атсалысу.


– Әңгімеңізге рахмет!

Жалпы, қай елде болмасын, тұрғындар өмір сүретін ортаның жайлылығын қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан бірнеше жылға сзылатын кешенді жобаның өз тиімділігін көрсетері айқын.


Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ