​Құрамында минералды қоры бар 17 кен орны мемлекеттік тіркеуге алынды

0
192

Бүгінгі таңда минералды-шикізат базасы қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орнын қамтиды және оларды барлау динамикасы оң күйінде қалып отыр.


​Құрамында минералды қоры бар 17 кен орны мемлекеттік тіркеуге алынды

Фото: Pixabay.com

ERNUR.KZ. Қазақстан перспективалы аумақтарды зерделеу және геология саласына инвестиция тарту бойынша шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп келеді, деп жазады inform.kz.

Бүгінгі таңда минералды-шикізат базасы қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орнын қамтиды және оларды барлау динамикасы оң күйінде қалып отыр.

2024 жылғы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша құрамында минералды қоры мен ресурстары бар 17 кен орны мемлекеттік тіркеуге алынды:
алтын — қоры 107,5 тонна, ресурстары 337,04 тонна,
күміс — қоры 1904,5 тонна, ресурстары 172087,2 тонна,
мыс — қоры 4916,7 мың тонна, ресурстары 7796,9 мың тонна,
мырыш — қоры 2549,6 мың тонна, ресурстары 338,9 мың тонна,
темір кендері — қоры 128 тонна, ресурстары 162 тонна,
қорғасын — қоры 1319,5 мың тонна, ресурстары 64,1 мың тонна,
вольфрам — қоры 409,9 мың тонна, ресурстары 743 мың тонна,
хром — ресурстары 464,1 мың тонна,
молибден — қоры 14 т, ресурстары 39 тонна,
марганец — қоры 794 мың тонна, ресурстары 1137,3 мың тонна.
Сондай ақ биыл алғаш рет мемлекеттік есепке көмірсутек шикізатының 6 кен орны қойылды:
газ — 1776,5 млн м3.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2026 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін геологиялық-геофизикалық зерттеумен қамтуға қол жеткізуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. 3 жыл ішінде қаржыландырудың жалпы сомасы 20 млрд. теңгеден асады.
Сонымен қатар аудандарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік картаға түсіру және терең геологиялық картаға түсіру жұмыстарының нәтижелер де бар. Аталған жұмыстар нәтижелеріне сәйкес, бағалы, түсті және қара металдар бойынша болжамды ресурстары бар перспективалы 60 учаске анықталды. Бұл учаскелерді барлауға арналған лицензия шеңберінде одан әрі зерделеу үшін жер қойнауын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сирек жер металдары саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасуда.
Бүгінгі күні қорлары шамамен 800 мың тоннаға бағаланатын Күйректікөл учаскесінің перспективалылығы туралы деректер бар, ал сирек кездесетін металдардың, оның ішінде церий мен лантанидтердің 935,4 мың тонна мөлшеріндегі болжамды ресурстары бар.
Сонымен қатар салаға инвестиция тарту және сирек кездесетін металдар әлеуетін арттыру мақсатында осмий мен ренийді қоспағанда, сирек кездесетін металдар баланстық қорлары туралы деректерді құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Қазақстанда көмірсутектердің жаңа кен орындарын ашу үшін айтарлықтай перспективалар бар.
Қазіргі уақытта геологтар шамамен 76 млрд тонна болжамды шартты отын ресурстары бар 15 шөгінді бассейн бөледі. Бүгінгі таңда мұнай-газ өндірудің барлық көлемі игерілген 5 бассейнге тиесілі. Олардың ішіндегі ең ірісі — Каспий маңы, ол елдің ресурстық базасының шамамен 80%-ын құрайды.
Сонымен қатар қосымша аз зерттелген 5 шөгінді бассейннің айтарлықтай келешегі бар. Бұлар Солтүстік Торғай, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу және Ертіс маңы шөгінді бассейндері. Бұл бассейндердің іске асырылмаған көмірсутек әлеуеті әлі де айтарлықтай.
Ағымдағы жылы геологиялық-геофизикалық әдістер кешенін, оның ішінде Арал аз зерттелген бассейні шегінде Шығыс және Батыс учаскелерінде 2Д сейсмикалық барлауды қолдана отырып, өңірлік зерттеулер аяқталуда, оның зерттеу алаңы 56 мың шаршы км.жұмыс нәтижелері бойынша «Батыс» учаскесінің болжамды ресурстары 0,8 млрд тоннаға бағаланады, алынатын қорлар 0,3 млрд тоннаға бағаланады. Болашақта осы учаскелерді неғұрлым егжей-тегжейлі зерттеу үшін іздеу жұмыстарын қою жоспарланып отыр.
Нәтижелер геологиялық барлау жұмыстарының жоғары деңгейін және Қазақстанның минералды-шикізат базасын дамытуға елеулі үлесін көрсетеді. Бұл саланың бәсекеге қабілеттілігін және оның одан әрі өсуге дайындығын көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан тарихында алғаш рет вольфрам өңдейтін зауыт ашылғанын жазған болатынбыз.