Артынан «Бекер айттым ба? Ұят болмады ма?» деп ойланатындар нешеуміз?
Сурет: ЖИ
Дос-құрбылар арасында қандай тақырып талқыланбайды десеңші?! Бірі бастап, екіншісі қостап, бірді айтып, бірге кетіп, бірталай әңгіменің басын қайырамыз. Сол арқылы біраз ақпарат алмасамыз. Арасында дауыс бәсеңдеп, көз жайнап отырып интимдік өмір туралы да кетіп қалады. Артынан «Бекер айттым ба? Ұят болмады ма?» деп ойланатындар нешеуміз?
Жалпы, жұбайыңыз екеуіңіз ғана білуге тиіс төсектегі мән-жайды басқалармен бөлісу дұрыс па? Біржақты жауап айту қиын, әрине. Дұрыс пен бұрыстың арақатынасын салмақтап көрейік.
Әлемдік әлеуметтанушылар, сексологтар мен психологтар (мысалы, Кинси институты, Американдық психологиялық қауымдастық (APA) дос-құрбылармен төсек қатынасын талқылау адамның психологиялық-эмоционалдық күйіне тікелей әсер ететінін айтыпты. Өз зерттеулеріне сүйене отырып, мұны болмашы емес, күрделі процесс деп бағамдаған. Зерттеу нәтижесін қорытындылай келе, оң және теріс әсерлерін былай топтастырған.
Психикаға тигізетін ОҢ әсерлері
Мазасыздық пен ұят сезімін азайту (Дестигматизация)
Көптеген мәдениеттерде бұл тақырып әлі де жабық (табу) болып саналады. Сенімді достармен бұл туралы ашық сөйлесу адамға «мен жалғыз емес екенмін» деген сезім сыйлайды. Басқалардың да осындай қорқыныштары, сәтсіздіктері немесе қалаулары бар екенін білу ішкі үрейді (анксиогендік күйді) басып, өзіне деген сенімділікті арттырады.
Психологиялық жеңілдеу (Катарсис)
Адам өз уайымдарын немесе серігімен (партнерімен) арадағы түсініспеушіліктерді іште сақтағанда, бұл стресс гормондарының бөлінуіне әсер етеді. Сұранысқа ие «достар терапиясы» ішкі мазасыздықты шығаруға, эмоционалдық қысымды төмендетуге көмектеседі.
Шешім табу және жаңа көзқарас
Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, мәселені сыртқа шығарып айтқан кезде адам өз қиындығына сырт көзбен қарай бастайды. Достардың тәжірибесі немесе олардың бейтарап пікірі серігімен арадағы қатынасты жақсартуға қатысты жаңа идеялар беруі мүмкін.
Орыс психологы Мария Беланның пікірінше, мұндай әңгімелер бірнеше нақты жағдайда орынды болады:
- Әңгіме нақты бір серіктеске емес, жалпы тақырыптарға қатысты болса. Мысалы, контрацепция, қауіпсіздік, денсаулық немесе сексуалдықтың мәдени және әлеуметтік қырлары жөнінде ақпарат алмасу.
- Адам өздігінен шеше алмай жүрген мәселе бойынша анонимді әрі әдепті түрде кеңес сұрап, психологиялық қолдауға немесе маманның көмегіне мұқтаж болса.
- Әңгіме серіктестің толық әрі саналы келісімімен жүргізіліп, оның жеке шекарасы мен қадір-қасиеті бұзылмаса.
Психикаға тигізетін ТЕРІС әсерлері
Салыстыру синдромы және өзіне көңілі толмаушылық
Адамның психикасы әлеуметтік салыстыруға бейім келеді. Кей адамдар өзінің интимдік өмірін тым мінсіз, жиі немесе ерекше етіп сипаттайды. Сондайда тыңдаушы адамда «менде бірдеңе дұрыс емес», «менің өмірім қызықсыз» деген комплекстер мен депрессивті ойлар пайда болуы мүмкін. Бұл өзін-өзі бағалау деңгейін күрт түсіреді, негативті күйге жетелейді.
Жұбайлық сенімге селкеу түсу
Психологтардың ескертуінше, ерлі-зайыптылар немесе жұптар арасындағы құпиялық –қатынастың беріктігін ұстап тұратын іргетас. Оны үшінші адамға (тіпті ең жақын досқа да) тым егжей-тегжейлі жария ету іштей кінәлілік сезімін тудыруы мүмкін. Егер бұл туралы серігі біліп қойса, қарым-қатынастағы сенім жоғалып, психикалық тұрақсыздыққа әкеледі.
Біліктілігі жоқ кеңестердің зардабы
Барлық дос – кәсіби психолог немесе сексолог маман емес. Олардың өз тәжірибесіне сүйеніп берген кеңестері қате болуы әбден мүкін. Адамды шатастырып, серігіне деген ренішін немесе күмәнін одан сайын өршітуі ғажап емес.
Бұл тақырыпта сөз қозғаудың дұрыс қадамдары
Серіктесті ортақ достармен талқыламаңыз
Сізді де, серіктесіңізді де жақсы танитын адам жақсы кеңес береді деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл ыңғайсыз жағдайларға әкелуі ықтимал. Мысалы, кейін әлгі адам серіктесіңізбен кездескенде, бұрын естіген жеке мәліметтер есінде қалып, арада түсініксіз қысым пайда болуы мүмкін.
Дұрыс досты таңдаңыз
Әр сөзін салмақтап айтатын, әдепті, ешкімді айыптамайтын, құпия сақтай алатын және сіздің мәселеңізді басқа адамдарға таратпайтын досыңызбен ғана бөлісуге болады.
Досыңыздың қарсы емес екеніне көз жеткізіңіз
Мұндай әңгімелер тек айтушыға ғана емес, тыңдаушыға да ыңғайсыз болуы мүмкін. Сондықтан әңгімені бастамас бұрын оның келісімін сұраған дұрыс. Мысалы: «Сенен жыныстық өмірге қатысты бір нәрсе сұрағым келеді. Бұл тақырыпта сөйлесе аласың ба, өзіңді ыңғайсыз сезінбейсің бе?» Бұл тәсіл әңгімеге қауіпсіз орта қалыптастырып, адамға еш қысылмай бас тартуға мүмкіндік береді.
Айтатын мен айтпайтынды ажыратып алыңыз
Бұл кеңес тек интимдік тақырыптарға ғана қатысты емес. Әрқашан кімге не айтып жатқаныңызды және оның салдары қандай болуы мүмкін екенін ескеріңіз.
Көпшілікке оңай танылатын, кейін басқаға айтылып кетуі немесе сіздің өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін мәліметтерге қатысты тілді тістеген жөн. Кез келген әңгіме құпия күйінде қала бермейтінін ұмытпаңыз. Ақпарат өзгеріп, үшінші адамдарға жетуі мүмкін. Оның салдары ұятқа қалдырудан бастап, жанжалға, бопсалауға немесе қарым-қатынастың бұзылуына дейін апаруы ықтимал. Тіпті ең сенімді достарыңыз болса да, қандай тақырыптарды бөлісуге болатынын мұқият ойластырған дұрыс.
Егер сіз серіктесіңіз туралы жағымсыз әсер қалдыратын мәліметтерді үнемі айтып жүрсеңіз, арада реніш тууы, ол кешірген күнде де, достарыңыздың көзқарасы өзгермеуі мүмкін.
Өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз
Көп жағдайда адамдар өздерінің «қалыпты» екеніне көз жеткізу үшін жыныстық тәжірибесін достарымен салыстырады. Достар өз өмірлік тәжірибесіне, өз жарақаттары мен көзқарасына сүйеніп кеңес береді. Бір адамға көмектескен нәрсе екінші адамның қарым-қатынасына зиянын тигізуі мүмкін. Оның үстіне адамдар өз тәжірибесін өзгертіп, әсірелеп айтуы мүмкін. Сондықтан өзгелердің өмірімен салыстыру жалған қанағаттанбаушылық сезімін тудыруы ықтимал. Мұндай әңгімелерде «Басқаларда қалай?» деген сұрақтан гөрі, «Біз үшін қалай? Жақсыны қалай сақтай аламыз? Ұнамайтынды қалай жақсарта аламыз?» деген сұрақтар орындырақ.
Секс тақырыбын серіктеске қарсы қару етпеңіз
Достарды серіктеспен болған жанжалдың құралына айналдыруға болмайды. Жыныстық өмірдегі келіспеушіліктерді көпшілік алдында айтып, оны ұялтуға немесе өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдеуге тырысу дұрыс емес.
Досыңыз сыр бөліскісі келсе, қолдау көрсетіңіз
Достық – екіжақты қарым-қатынас. Сондықтан мұндай әңгімеде сіз тек айтушы емес, тыңдаушы да болуыңыз мүмкін. Әр адамның сезімталдық деңгейі әртүрлі. Сіз үшін мәселе маңызды болып көрінбесе, «Ой, онда тұрған ештеңе жоқ, бәрімізде солай. Соны да проблема қылып жүрсің бе?» деп оны құнсыздандырмаңыз. Досыңыздың сезімін құрметтеген жөн. Одан дәл қазір қандай көмек қажет екенін сұраңыз: кеңес керек пе, қолдау ма, әлде жай ғана тыңдау жеткілікті ме?
Психологтар кеңесі – «алтын аралықты» ұстану
Зерттеушілер бұл тақырыпты достармен талқылау кезінде «эмоционалдық деңгей» мен «техникалық деңгейді» ажыратуды ұсынады:
- Өз сезімдеріңізді (жабырқау, уайым, қуаныш) бөлісу, эмоционалдық қолдау сұрау психикаға пайдалы.
- Серігіңіздің физиологиялық ерекшеліктерін, тек екеуіңізге ғана қатысты өте жеке құпияларды ашық сипаттаудан қашқан жөн.
Бұл ретте әңгімелесетін достың эмоционалдық интеллектісі мен сіздің құпияңызды сақтай алу деңгейі де маңызды рөл атқарады. Салауатты қарым-қатынаста жыныстық өмірге қатысты негізгі әңгімелер жұптың өз ішінде талқыланады. Ал сыртқы орта қолдау көрсету үшін ғана қажет. Интимдік кеңістікті сақтай білу – адамның жетілгендігі мен өзіне де, серіктесіне де деген құрметінің белгісі».
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Ұзақ уақыт бойы ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАСтың болмауы ӘЙЕЛГЕ немесе ЕРКЕККЕ зиян ба?


