​Құрылысы бітпеген үйден пәтерді қалай алуға болады

0
1 336

Порталда жарияланған мақалада жас отбасыларға аз уақытта, аз қаржымен баспаналы болу жолдары көрсетілген.


​Құрылысы бітпеген үйден пәтерді қалай алуға болады

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана отырып, салынып жатқан үйдегі пәтерге небәрі 2 жылда ақша жинауға болады, деп жазады ҚазАқпарат.

Порталда жарияланған мақалада жас отбасыларға аз уақытта, аз қаржымен баспаналы болу жолдары көрсетілген. Материалда келтірілген мәліметке сәйкес, осы айда Қазақстанда пәтердің 1 шаршы метрінің орташа құны 265,3 мың теңге болды.

35 шаршы метрлік пәтер құны 9,5 млн теңгеге жетті. Қазақстандықтар пәтерді бұл бағадан да арзан ала алады. Оның бір жолы - үлескер болу.

«Үлескер болу - тиімді бағада үй алудың бірден бір жолы. Үлескерлердің қаржысы Тұрғын үй кепілдік беру қоры арқылы сақталатын болады», - деді сарапшылар.

ТҮКҚ - құрылыс компаниясы, үлескер, несие беретін банктің мүддесін қорғайтын оператор болып отыр.

Айта кету керек, құрылысы бітпеген үйде пәтер құны дайын үймен салыстырғанда 20 пайызға арзан. Дәлірек айтқанда, 1 шаршы метр құны 212,3 мың теңге болады, 1 бөлмелі пәтерді 7,5 млн теңгеге алуға болады.

Сонымен қатар, Тұрғын үй кепілдік беру қоры арқылы қолында соманың 30 пайызы бар адамдар пайдалануға берілген үйлерге қарағанда әлдеқайда арзан болатын тиімді ипотекалық несие ала алады. Бұл орайда, шамамен алғашқы салым көлемі 2,3 млн теңге болады.

Сондай-ақ, ТҮКҚ - «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі схемасы арқылы да арзан пәтер алудың тиімді жолдары бар.

Ол үшін клиент «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінің салымшысы болуы шарт.

Бұл жағдайда мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайтын салымшыларға ешқандай талап қойылмайды. Адамның басында үйдің бар-жоқтығы, жинаған қаржысы сияқты талаптар рөл ойнамайды.

«Қазақстанда орта есеппен 2 адам толық жұмыс жасайтын отбасы (орташа жалақы көлемі - 161,87 тг) айына 80,9 мың теңге көлемінде жинай алады. Жас отбасы осылайша 2 жыл (25 ай) уақыт ішінде салынып жатқан үйдің пәтерінен алғашқы салым жинай алады», - делінген зерттеу қорытындысында.

Аталған қор арқылы Қазақстанның кез-келген қаласында жас отбасылар пәтерге ақша жинай алады.

Атап айтқанда, Орал қаласындағы отбасылар - 16 айда Атырау, Ақтау, Павлодар, Қызылорда, Тараз қалаларында 17 айда алғашқы салымды жинай алады. Ал, Шымкентте жастарға - 40 ай, Алматы, Өскемен қалаларында 26 ай еңбектенуге тура келеді.