Өңірлердегі құс тұмауының алдын алу үшін қосымша вакцина дозалары сатып алынып, 1 қазанға дейін тиісті жерлерге жеткізіледі.
ERNUR.KZ. Бүгінде құс тұмауы жеті облыста тіркелген, деп жазады sputniknews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бір тәулікте құс тұмауынан кейбір аймақтарда құстардың қырылуы тіркелген жоқ.
- Ақмола облысында жеке қосалқы шаруашылықтарда 703 бас құс қырылды (соңғы тәулікте – 0);
- Жамбыл облысында – жеке қосалқы шаруашылықтарда 238 құс (соңғы тәулікте – 6);
- Қарағанды облысында – жеке қосалқы шаруашылықтарда 102 құс (соңғы тәулікте – 12);
- Қостанай облысында – жеке қосалқы шаруашылықтарда 2 218 құс және құс фабрикасында 109 567 құс (тиісінше бір тәулікте – 1 112 және 109 567);
- Павлодар облысында – жеке қосалқы шаруашылықтарда 2 753 бас құс (соңғы тәулікте – 0);
- Солтүстік Қазақстан облысында – жеке қосалқы шаруашылықтарда 13 806 құс және құс фабрикасында 93 849 құс (тиісінше бір тәулікте 1 143 және 39 535);
- Түркістан облысында – жеке қосалқы шаруашылықтарда 273 бас құс (соңғы тәулікте – 196).
"Жалпы, жеке аулаларда 20 мың құс және екі құс фабрикасында 203 мың құс қырылды. Олар – "Бескөл құс фабрикасы" ЖШС (93 849 бас) және "Агроинтерптица" (109 567 бас)", – дейді министрлік мамандары.
Құс тұмауына қарсы вакцинамен қалай қамтамасыз етіледі
Министрлік мәліметіне сәйкес, жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша жыл басынан бері құс тұмауына қарсы вакциналардың 3 377 900 дозасы бөлінді.
Құс тұмауының тіркелуіне байланысты республикалық қордан қосымша 1 359 148 доза вакцина шығарылды (СҚО үшін – 873 мың доза, Қостанай облысы үшін – 21 мың, Павлодар облысы үшін – 465 мың доза).
Сондай-ақ, 2020 жылғы 22-23 қыркүйекте өңірлерге қосымша 1 015 518 вакцина таратылды. Олар:
- Ақмола облысы – 510 300 доза;
- Қостанай облысы – 345 218 доза;
- Қарағанды облысы – 100 000 доза;
- Жамбыл облысы – 60 000 доза.
Сондай-ақ, қосымша 699 355 вакцина сатып алынып, олар 1 қазанға дейін тиісті жерлерге жеткізіледі.