Қымбат iPhone ұстайтын қазақстандықтарға сән-салтанат салығы салына ма?

0
556

Әлібек Қуантыров мүліктің қалай сатып алынғаны емес, оның құны ескерілетінін айтты.


Қымбат iPhone ұстайтын қазақстандықтарға сән-салтанат салығы салына ма?

ERNUR.KZ. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мақтанғанды жақсы көретін қазақстандықтар құны жоғары мүлікті сатып алса, оларға сән-салтанат салығы салынуы мүмкін екенін айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Сенаттағы Үкімет сағатынан соң БАҚ өкілі министрге "Қазақстандықтар мақтанғанды жақсы көреді. Сондай әдет бар. Мысалы, тұрғын кредит алып, яхта сатып алды дейік. Осы жағдайда оның мүлікіне сән-салтанат салығы салына ма?" деп сұрақ қойды.

Әлібек Қуантыров мүліктің қалай сатып алынғаны емес, оның құны ескерілетінін айтты.

"Әрине, сән-салтанат салығы (құны жоғары) мүлікке және тағы басқа объектілерге салынады. Сондықтан оның мүлікті қалай сатып алғаны маңызды емес. Ақшаға немесе несиеге алды ма? Бастысы ол мүлкін тіркеп, жылжитын немесе жылжымайтын мүлікке салығын төлеуі керек", - деді министр.

Ол iPhone сатып алғандар қазақстандықтар бұл салықты төлемейтінін атап өтті.

"Біз қымбат заттар туралы айтып тұрмыз. Мысалы, 200 мың доллар тұратын көлік. Егер ол несиеге сатып алынса да ол сән-салтанат салығын төлеуге тиіс. Ал ең қымбат iPhone 1,5 мың доллар тұрады ғой", - деді басшы.

Әлібек Қуантыров сән-салтанат салығы нақты қандай мүлікке салынатынына тоқталды.

"100 миллион теңге тұратын автомобильді алайық. Бұл жағдайда көлік салығына қосымша сән-салтанат салығын төлейсіз. Қымбат жылжымайтын мүлік сатып алдыңыз, бұл жағдайда да сән-салтанат салығын төлейсіз. Біз салықтық мөлшерін талқылап жатырмыз. Жылжымайтын мүліктің шкаласы бар. Тек оның есептеу әдістемесі басқаша болады. Түсіндірейін. Адамның 5 пәтері бар, әрқайсысы орташа есеппен 10 миллион теңге тұрады. Енді бұл пәтерлер жеке есептелмейді, олардың жалпы құны 50 миллион теңге болады. Сонымен қатар адам 200-300 миллион теңгеге көлік сатып алса немесе оны алу үшін кредит алса да, сән-салтанат салығын төлейді", - деді министр.