Өткен жылы ойындар тізімі шыққанда көкпар Көшпенділер ойындары бағдарламасына енбеген еді, тек көкбөрі болған.
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
ERNUR.KZ. Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ресми бағдарламасына қазақтың көкпары енді. Бұл туралы «Қазақстан Көкпар Федерациясының» президенті Айдарбек Қожаназаров хабарлады, деп жазады inform.kz.
Бұған дейін ойындар тізімінде көкпардың болмауы қоғамда кең талқылау тудырған еді.
— Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, қырғызстандық әріптестермен талқылай келе осындай шешімге қол жеткіздік. Көкпар да, көк бөрі де қазақ пен қырғыздың ұлттық болмысын айқындайтын негізгі спорт түрлері. Бұл — тек ойын емес, ұрпақтар сабақтастығы, ортақ мәдени код. Сондықтан мұндай халықаралық жарыстарда спорт достық пен бірліктің нышаны болуы керек, — деді Қожаназаров.
Өткен жылы ойындар тізімі шыққанда көкпар Көшпенділер ойындары бағдарламасына енбеген еді, тек көкбөрі болған. Бұл басқа қатысушы елдер үшін де маңызға ие, себебі көкпарды Қазақстаннан бөлек ойынға келетін Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты бірқатар елде де кеңінен таралған.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді. Жарыс бағдарламасына 43 ұлттық спорт түрі енгізілген. Ойындарға шамамен 100 елдің қатысуы күтіліп отыр.
Айта кетейік, өткен жылдың шілдесінде Қырғызстанда өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындары тізімінен қазақ көкпары алынып тасталды деген ақпарат тараған еді.


