Қыруар ақшаға жалған анықтама жасатып сан соғып қалмаңыз

0
1 594

Тұрмыстық жемқорлықты төмендету мақсатында жоба жалған медициналық анықтама беру процесіне сараптама жүргізді.


Қыруар ақшаға жалған анықтама жасатып сан соғып қалмаңыз

ERNUR.KZ.Елорданың емханалары жыл сайын жалған анықтамалардың сатылуы салдарынан 25 миллион теңгеден қағылады. Бұл туралы бүгін «Астана - адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Жазира Жылқышиева медицина саласын жаңғырту мәселері жөніндегі семинар-кеңесте айтты, деп жазады inform.kz.

«Тұрмыстық жемқорлықты төмендету мақсатында жоба жалған медициналық анықтама беру процесіне сараптама жүргізді. Бүгінде заңсыз қызмет көрсету жөніндегі хабарламалар жарнамалық және әлеуметтік желілерде еркін орналастырылады. Азаматтардың медициналық тексеруден өтпестен-ақ мұндай құжаттарды пайдалануы аталған анықтамаларды сатып алған азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірумен қатар білім беру, қоғамдық тамақтану ұйымдары сияқты әлеуметтік маңызы бар салалардың қауіпсіз қызмет көрсетуіне де кері әсерін тигізеді»,- деді ол. Оның айтуынша, аталған ұйымдармен «құпия сатып алушы» әдісімен жүргізілген шаралар барысында жалған медициналық анықтамалар беретіндер анықталып, ақпараттар Сыбайлас жемқорлықпен күрес ұлттық бюросының қалалық департаментіне жолданған. «Жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде 12 мамыр күні жалған медициналық құжаттарды дайындаумен айналысатын топтың қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Ең төменгі есептеулерге сәйкес анықталған бір фактінің өзінде ғана елорданың емханалары жылына 25 млн теңгеден астам қаржыдан қағылып отырған. Ал бұл қаражатты пациенттерге жайлы жағдай жасауға, сонымен қатар медициналық мекеме қызметкерлеріне сыйақы төлеуге жұмсауға болар еді», - деді Жазира Жылқышиева.

Осы ретте жоба жетекшісі медициналық анықтамалар ұсыну саласындағы проблемаларды кешенді шешу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктеріне анықтамаларды, санитарлық кітапшаларды беру процесін автоматтандыру қызметінің шекті құнын белгілеу бойынша ұсыныс енгізілгендігін айтты.

Сонымен қатар жұмыс беруші жұмысқа қабылданатын адам ұсынған медициналық анықтаманың жалған еместігін тексеруге міндеттелмек.