Қытайдың батыс аймақтарында, Қазақстан шекарасына жақын жерде бірнеше күн қатарынан магнитудасы 5,1-ге дейінгі жер сілкіністері тіркелді.
Фото: Tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Бұл сейсмикалық белсенділіктің Алматы мен Алматы агломерациясына қаншалықты әсер етуі мүмкін екенін Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі түсіндірді, деп жазады tengrinews.kz.
Қытайды неге "сілкіп" жатыр?
Кейінгі күндері Қытайдың Шыңжаң өлкесінде, Алматыға жақын маңда бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Мәселен, Қазақстанның ұлттық мәліметтер орталығының ақпаратынша, 22 қарашада Куча қаласының маңында магнитудасы 4,7 болатын жер сілкінісі болса, дәл сол күні Үрімжінің оңтүстік-шығысына қарай 45 шақырым жерде магнитудасы 5,1 болатын дүмпулер тіркелген.
23 қарашада Куча ауданында тағы екі жер сілкінісі болды - магнитудасы 4,9 және 4,2.
24 қарашада сол жерде магнитудасы 4,0 болатын сілкініс тіркелді. Куча ауданынан Алматыға дейінгі қашықтық түзу сызық бойымен шамамен 500–550 шақырымды құрайды.
Қазақстанға жақын маңдағы сейсмикалық белсенділік алаңдаушылық тудырғанымен, қазақстандық мамандар алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.
"Қытайдың батыс аудандары сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан. Мұндай аумақтар үшін бірнеше күн қатарынан жер сілкіністерінің тіркелуі тән жағдай және ол өздігінен аномальді құбылыс болып саналмайды. Сейсмобелсенділік жер қыртысындағы кернеудің жиналуы мен босатылуына байланысты табиғи тектоникалық процестерден туындаған", - деп түсіндірді ТЖМ мамандары.
Бұл ретте әзірге тіркелген жер сілкіністерінің барлығын бір процестің бөлігі деп кесіп айтуға болмайды. Сейсмологтардың түсіндіруінше, олар өзара байланысты оқиғалар тізбегі (мысалы, күштірек жер сілкінісінен кейінгі афтершоктар) немесе әртүрлі тектоникалық құрылымдардағы дербес дүмпулер болуы мүмкін.
Сондай-ақ мамандар дүмпулер сериясы белгілі бір тектоникалық жарылымның белсенділігіне байланысты болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Алматы мен Алматы облысына қауіп бар ма?
Басты сауалдардың бірі — Қытайда болып жатқан жағдайлар Қазақстандағы сейсмикалық жағдайға қаншалықты әсер етуі мүмкін.
Сейсмологтардың айтуынша, Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен Қытайдың батысындағы жекелеген аудандар Орталық Азияның ортақ сейсмотектоникалық жүйесіне кіреді. Сондықтан аймақ шегіндегі тектоникалық процестер өзара әсер етуі мүмкін.
"Дегенмен, бір мемлекеттің аумағында жер сілкінісінің болуы оған ұқсас оқиға міндетті түрде басқа мемлекеттің аумағында қайталанады дегенді білдірмейді. Әр жағдайға жеке ғылыми баға беру қажет", - деп түсіндірді олар.
Сондай-ақ мамандар көршілес мемлекеттердегі жер сілкіністерінің жиілігі өздігінен алаңдауға негіз болмайтынын, бірақ Алматы мен Алматы облысы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын еске салды. Сондықтан қауіпсіздік шараларын сақтау және ықтимал жер сілкіністеріне дайын болу әрқашан өзекті болып қала береді.


