Қытайда Оспан батырдың ұрпақтары өмір бойы бас бостандығынан айрылды

0
1 127

Бұған дейін ҚХР соты батырдың өзге де туыстарын соттаған.


Қытайда Оспан батырдың ұрпақтары өмір бойы бас бостандығынан айрылды

ERNUR.KZ. Қытайда Оспан батыр Сләмұлының туған немересі мен аталас ағайындары сотталды. Үкімді Алтай аймағына қарасты Көктоғай аудандық сотының судьялары шығарған. Оларға «Отанын сатқан» деген айып тағылған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ұзақ уақыт азаптаудан соң ауыр жаза арқалаған адамның бірі – Оспан батырдың туған немересі Нұрлан Нәбиұлы. Нұрланның әкесі Нәби де өткен ғасырда Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі жолында әкесімен бірге басқыншы жауға қарсы шыққан.

Нұрлан Нәбиұлы ұзақ жыл ҚХР-де сот саласында жұмыс істеген. Көз жанарының суалуынан зейнетке ерте шыққан. Бірақ, «саяси қылмыскердің» ұрпағы болғандықтан биліктің құрығынан бәрібір құтыла алмады.

Өмірінің соңына дейін сотталған тағы екеудің бірі – Нағыз Мұхаммедұлы болса, екіншісі – Толқын Соғысайұлы. Екеуі де Оспан батырдың аталас ағайындары болып келеді. Оларды сақшылар осыдан екі жарым жыл бұрын ұстап, қамауға алған. Туыстарының айтуынша, қылмысты мойындату мақсатымен бірнеше ай азаптаған. Алайда, азаптаудан дене мүшелері сынып, ауыр жарақат алған үшеуді жабық жағдайда ұзақ уақыт емдетіп, әрі қылмыстарын «мойындатқан» соң ғана жазда сот алдына әкелген көрінеді. Алғашқы сот отырысы 10 шілде күні өтті.

«Толқынның әкесі ертеректе коммунистік партияға қызымет қылған, Көктоғай ауданына әкім болып тағайындалған, бүкіл отбасымен қытай үкіметіне жұмыс істеген адамдар. Бірақ, аз ұлттарды қудалау басталғанда Оспан батырдың ұрпақтары үкіметке қанша адал болса да ұсталып, азапталды. Бұл үш адам Қазақстанға қыдырып келген, туыстарымен сөйлескен. Оспан батырдың өлгеніне 70 жылдан асса да, оның ұрпақтары мен туыстарын қудалау әлі тоқтамай келеді. Алғашында оларға «жоспарлы тууға», «қос тілді оқытуға» қарсы шыққан, әсіре ұлтшылдық, отан тұтастығын бүлдірушілер деген айыптар тағылған. 10 шілдедегі сот барысында оларға тағылған айыптардың бір қатары алынып тасталып, «әсіре ұлтшыл», «отан тұтастығына қауіп төндірген», «отан сатқыны» деген айыптар тағылған. Тағылған айыптарға қатысты нақты аудио немесе видео дәлел жоқ. Тек арнайы дайындаған куәгерлерді алға тартқан. Ата-бабасының бір ғасыр бұрынғы ісі үшін ұрпақтарын қудалау – саяси қателік», - деді сотталушылардың туысы Асхат Расул.

Асхаттың айтуынша, сотталушыларға қарсы куәгерлерді де Оспанның туыстарынан таңдаған. Судья сот процесін қытай емес, қазақ тілінде жүргізген. Қамаудағылар тергеу кезінде тағылған айыппен сотқа дейін келіскен сыңай танытқан. Соттағы жарыссөзде үшеуі де өздеріне тағылған айыптармен келіспейтіндерін ашық айтып, керісінше жазықсыз қамауда бірнеше ай азаптауға ұшырағандарын, Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі (полиция) мен Ұлттық қауіпсіздік бюросының бұл әрекеттерін заң аясында қайта қарауды талап еткен екен.

«Оларды жан түршігерлік жазалау әдістерін қолданып, «қылмыстарын» мойындатпақ болған. Екі айға жуық уақыт бойы ұрып-соғып, ұйқысыз, тамақсыз небір ауыр жаза түрлерін қолданған. Бұлардың алдында тағы да Оспанның туыстары, жамағайындары саналатын Мұратты – 5 жылға, Қайратты – 4 жылға, Жалынбек, Ғабит, Сабира деген адамдарды – 2 жылға соттаған. Олар Алтайда мұғалім болған адамдар. Сәниді – 2, Ынтымақты – 3, Ниматты – 2 жылға соттаған. Олардың алды жазаларын өтеп шықты. Соңғы үш адамға үкім шығарарда алдында сотталған 12 адамның «айтқандарын» куәгерлікке алған. Дәлелсіз жала арқылы ақыры қылмыскер қылды. Бұндай ауыр жазаны әдетте орталықтан, Бейжіңнен жіберілген судьялар тағайындайды. Бұл аз ұлттарға қысым көрсетіп жатқан Шыңжаңдағы биліктің әрекеті», - деді А.Расул.

24 қыркүйектегі екінші сот отырысында Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы және Толқын Соғысайұлына сот үкімі шығып, үшеуінің де тағылған айыптармен келіспегеніне қарамастан өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сотқа олардың тустары онлайн түрде қатысқан. Туыстарының мәліметінше, үкім асығыс оқылған. Оларға «әсіре ұлтшыл», «отан тұтастығына қауіп төндірген», «Қазақстандағы «қазақшыл» ұйымдармен байланыс орнатқан», «Қазақстанмен жиі байланысқа шыққан», «Қазақстанның Тәуелсіздік күнін құттықтап, қонағасы берген» деген айыптар да бар. Сотталушылардың осындағы туыстарының мәлімдеуінше, үш азамат та үкіметке аянбай еңбек еткен. 1966 жылы ҚХР ШҰАР Көктоғай ауданында туған Н.Набиұлы 1990 жылдан бастап Көктоғай аудандық халық сот мекемесінде қызмет істеп, көз жанарының нашарлауына байланысты қызметтен босаған. 52 жастағы Н. Мұхаммедұлы да 1991 жылдан бастап аудандық мәдениет үйінде, кейін Алтай аймақтық мәдениет мекемесінде қызмет істеген. Ал 52 жастағы Толқын Соғысайұлы 30 жыл Көктоғай аудандық № 1 орта мектепте ұстаздық еткен.

«Көктоғай ауданында және Алтай аймағындағы үкіметтік отырыстарда «Оспан бандыны түп-тамырымен құрту, қалдықтарын аластау» деген саяси ұрандар да айтылады. Жоғарыда аталған үш азаматтың айыпталуына және ауыр жазаға кесілуіне Алтай аймақтық партком хатшысы Жаң Янь (张岩/Zhang Yan) мен оның орынбасары, аймақ басшысы (уәлиі) Қаден Кәбенұлы және Көктоғай аудандық партом хатшысы Лию Чың (刘成/Liu Cheng) тікелей ықпал еткен. Олар «банды Оспанның ұрпақтарын құртуға, қатаң шешім жасауға тапсырма берген. Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі (полиция) мен Ұлттық қауіпсіздік бюросының жетекшілері де осы үшеуінің жазалануына барынша күш салған. Аудан басшылары Оспан батырдың әулетіне қатысты бұл істі жоғары соттар мен жоғары әкімшілік билік деңгейіне жеткізбей біржақты қылуға тырысып отыр. Біз жазықсыз сотталған үш адамның тағдырына Қазақстан билігі, СІМ араша түсуін сұраймыз. Өйткені сотталған адамдардың туыстары, ұрпақтары Қазақстанда да өмір сүріп жатыр. Көктоғайдағы шабармандардың туыстарыма тісін батыруының тағы бір себебі – менің осы жақта атамның атынан қор құрып, оның ерлігін насихаттауым», - дейді сотталушылардың Өркен Оспантегі есімді туысы.

Батыс ғалымдары «Қазақтың алтын аңызы» деп атаған Оспан батыр Алтай өлкесін басқыншылардан босатам деп 1950 жылға дейін күресті. Шығыс Түркістанның азаттығы жолында ол Гоминьдан, Қытай коммунистік партиясы, Советтік қызыл әскер және Моңғол армиясымен де соғыс жүргізді. Жеңіліс тапқан Оспан Сләмұлы 1951 жылдың 29 сәуірінде 52 жасында Үрімжіде атылды. Қытайда, әсіресе Шыңжаңда саяси-тарихи тұрғыда ақтауға шектеу қойылған санаулы тұлғалардың бірі. Шыңжаңда Оспан батырдың есімін ұлықтауға, дәріптеуге, ұлт азаттық күресінің жетекшісі ретінде көрсетуге, тіпті атын атауға да шектеу қойылған.