Қаһарманға айналған студент жігіттің видеосы Дәулеттен парақшасында жарияланды.
фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Қызылорда-Астана бағытындағы әуе рейстерінің бірінде төтенше жайт болды. Борттағы жолаушылардың бірі жүрек талмасына ұшырады. Қуанышқа орай жолаушылар арасында дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсете білген студент жігіт болды. Ол есінен танған жолаушыны аман алып қалды, деп жазады tengrinews.kz.
Қаһарманға айналған студент жігіттің видеосы Дәулеттен парақшасында жарияланды. Жолаушыны құтқарған жігіттің есімі - Дінмұхаммед Бектұрғанов.
Жазба астында әлеуметтік желі қолданушылары жігіттің дер кезіндегі әрекетіне ризашылықтарын білдірді.
"Димаштың бәрі тамаша!", "Осындай жігіттер елімізде көбейе берсін!" – деп жазды желі қолданушылары.
Дінмұхаммед Бектұрғановтың Астана медицина университетінің 7-курсында оқитыны белгілі болды. ЖОО-ның Instagram желісіндегі ресми аккаунтында жағдайдың жай-жапсары баяндалып, кейіпкердің шағын сұхбаты жарияланды.
"Астана медициналық университетінің интерні ұшақ бортында жолаушының өмірін құтқарды. Qazaq Air әуе компаниясының Қызылорда – Астана бағытындағы рейсі кезінде бір жолаушы есінен танып, жүрегі мен тынысы тоқтап қалды. Осы сәтте 791-топтың интерні Бектұрған Дінмұхаммед Нұрболатұлы шұғыл көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жасап, жолаушының өмірін қонғанға дейін құтқарып қалды", - делінген университет хабарламасында.
Димаштың айтуынша, ұшу кезінде бортсерік көпшіліктен жолаушылардың біріне көмек керегін және "бортта дәрігер бар ма?" деп сұраған. Хабарландыруды естіген студент көмектесуге бекінген.
"Мен жүрек-өкпе реанимациясын бастадым. Бірінші циклден кейін жолаушы есін жиды. Содан кейін мен оған қолда бар дәрі-дәрмектерді беріп, оған оттегі маскасын кигіздім", - деді ол.
Димаш жолаушының жағдайын ұшақ қонғанға дейін бақылап отырғанын айтты. Әуежайға жеткеннен кейін жедел жәрдем көмекке мұқтаж кісіні ауруханаға алып кеткен.