Қызылорда облысында 8 адамды бопсалаған блогердің бас бостандығы шектелді

0
271


Қызылорда облысында 8 адамды бопсалаған блогердің бас бостандығы шектелді

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында әлеуметтік желі арқылы сегіз адамды бопсалаған күдікті сотталды, деп жазады kaz.inform.kz.

Бұл бойынша Жаңақорған аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы 2022 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы 8 жәбірленушіге абыройына нұқсан келетін мәліметтерді таратамын деп қорқытқан. Салдарынан бірнеше рет бөтеннің мүлкін қорқытып талап етіп, қорқытып алушылық жолымен 1 950 000 теңгені жеке бас пайдасына жаратқан.

«Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлердің жауабымен, айғағымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазба және қылмыстық іс материалымен дәлелденген. Ол кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынның 1 650 000 теңгесін қайтарған. Сот сотталушының кінәсін толық мойындауын, асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жәйлар ретінде таныды. Жаңақорған аудандық сотының үкімімен оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту белгіленді», - деп мәлім етті Жаңақорған аудандық сотынан.