Толғағы қысқан әйелді қабылдап алған кезекші бригада мүшелері бірден үйдегі карантинге жатқызылды.
Қызылорда облыстық перинаталды орталығында коронавирус анықталған әйел босанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Facebook-те жазды.
"8 сәуірде босанатын уақыты жеткен жүкті әйел өткір респираторлық вирусты инфекция белгілерімен провизорлық перзентханаға (оқшауланған ғимарат) түсті. Денсаулығын тексеру барысында оның қызуы 38,1 градусқа дейін көтерілген. COVID-19 вирусына анализ алынды, ауру жұқтырғаны анықталды. Толғағы басталды. Аман-есен босанды", - деді ол.
Нәрестенің салмағы – 2970 грамм, бойы – 51 см.
"Сәбидің жағдайы қанағаттанарлық, COVID-19-қа анализ алынды", - деп мәлімдеді вице-министр.
Ал баланың анасы вирустан емделу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылды.
Перинаталды орталықтың кезекші бригадасы кезекшіліктен кейін екі аптаға үй карантиніне алынды.