Қызылорда өңірінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық берілді

0
130

Қызылорда өңірінде спорт саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр.


Қызылорда өңірінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық берілді

ERNUR.KZ. Мәселен, 2025 жылы дене шынықтыру және спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 15,5 млрд теңге бөлінді. Аймақта 1494 спорттық нысан бар. Қызылорда облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаевтың ОКҚ баспасөз конференциясында атап өткендей, осындай объектілерді арттыру арқылы жергілікті бұқаралық спортты дамыту көзделген.

Оның сөзінше, былтыр Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлесіп, заманауи үлгідегі теннис орталығы ашылды. Қазақстанның футбол федерациясымен бірге Қызылорда қаласында Ғ.Мұратбаев атындағы стадион күрделі жөндеуден өткізілді. Жалағаш ауданының орталық стадионында да осындай жұмыстар жүргізілмек.

«Мемлекет басшысы 2025 жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында халықтың спорттық инфрақұрылымдарға қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс орталықтары мен аудандарда заманауи стадиондар мен спорт кешендерін салу мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Осыған байланысты бірқатар тапсырма берген. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қызылорда қаласында құны 26,5 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадион бой көтерді. Ол жыл бойы жұмыс істейді. Стадион олимпиадалық спорт түрлеріне арналған 7 залмен қамтылған. Нақты айтатын болсақ, бокс залы, күрестің үш түріне арналған дзюдо, грек-рим, еркін күрес залы, фитнес залы, спорттық гимнастика, тхэквондо және ауыр атлетика залдары қамтылған», – деді спикер.

Бұл нысан 13 қыркүйек күні ашылады деген жоспар бар.

Биыл облыс орталығында құны 20,5 млрд теңгені құраған көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы басталды. Ол толықтай халықаралық талаптарға сай салынады. Болашақта мұнда әлемдік деңгейдегі додалар өткізуге болады. Ол 2026 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп көзделуде.

Сондай-ақ өңірде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен құны 3 млрд теңгені құрайтын аумағы 3 мың шаршы метрге тең мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының құрылысы аяқталды. Бұл нысан жақын арада ашылмақ. Айта кетерлігі, аймақта 256 мүмкіндігі шектеулі спортшы бар. Олар осы клубта келесі Паралимпиада ойындарына дайындалуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар Бахтияр Артаевтың хабарлауынша, салаға бөлінген бюджеттің 80%-ы олимпиадалық спорт түріне бағытталмақ.