​Қызылордада мемлекет қаржысын жымқырған директор мен есепші сотталды

0
1 807

Аталмыш қызметкерлер мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін сот алдында жауап берді.


​Қызылордада мемлекет қаржысын жымқырған директор мен есепші сотталды

ERNUR.KZ. Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық білім бөліміне қарасты «Балалармен мәдени-тәрбие жұмыстарын жүргізу орталығының» директоры мен есепшісіне қатысты сот үкімі шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталмыш қызметкерлер мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін сот алдында жауап берді. Білім қызметкерлерінің бұл әрекеті тиісті органдардың тексерісінен кейін әшкере болған.

Тергеу кезінде орталық басшысы мен есепшісінің өз қызметтерін асыра пайдаланғаны дәлелденді. Олар өздеріне сеніп тапсырылған қаражатты талан-таражға салған. Мәселен, орталық директоры «Шахмат» үйірмесіне жетекшілік етсе де, өз міндетін тиісінше орындамаған. Яғни балалармен жұмыс жасап, апталық сағаттарын жүргізбеген. Соған қарамастан, қарамағындағыларға тапсырма беру арқылы жұмыс табелін толтырып, жалақы алып келген.

Тексеру кезінде заңсыз еңбекақының жалпы сомасы 208 мың теңгені құрағаны анықталды. Орталық директоры мұнымен қоймай, 2017 жылдың ақпан, маусым, қыркүйек айларында еңбекақы есебінен алдын ала 362 мың теңге алған. 2018 жылдың қыркүйек айында да жұмыс атқармаған уақыты үшін 90 мың теңгені есепшотына аудартқан. Басшы бұл әрекеттерін орталық есепшісі арқылы жүзеге асырып отырған.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде орталық директорының мемлекет қазынасына барлығы 437 мың теңге залал келтіргені анықталды.

Ал, сот алдында осы әрекеті үшін жауап берген бухгалтер директордың есепшотына артық аударылған қаржының тек жартысын жалақысынан бөліп ұстаған болып шықты. Қалған 228 мың теңгені ресми түрде ұстамай, өз қажеттіліктеріне жаратып жіберген. Осылайша, мемлекет қазынасына қол салған білім қызметкерлерінің заңсыз әрекеті толықтай дәлелденді.

«Сот процесі кезінде сотталушылар өз кінәсін толық мойындады. Жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін білдірді. Сондай -ақ, олар мемлекетке келген шығынды толықтай өтеді. Сот үкімімен, орталық директоры мемлекеттік ұйымдарда басшылық қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ал орталық есепшісінің енді өмір бойына бухгалтер болып жұмыс жасауға құқығы жоқ. Сондай -ақ, оның да бас бостандығы үш жылға шектелді», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.