Қызылордалық өртеніп жатқан үйден 2 баланы құтқарып қалды

0
984

Бес қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде бүлдіршіндер ата-анасының бақылауынсыз қалған кезде үйден өрт шыққан.


Қызылордалық өртеніп жатқан үйден 2 баланы құтқарып қалды

ERNUR.KZ. Қызылордалық Нұрсұлу Паданова екі бүлдіршін қызды өрттен құтқарып қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ақмешіт» шағын ауданындағы бес қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде бүлдіршіндер ата-анасының бақылауынсыз қалған кезде үйден өрт шыққан.

Құтқарушылар жеткенше жанып жатқан пәтерден бүлдіршіндерді көршісі Нұрсұлу Паданова алып шыққан.

«Өзімнің пәтерімде ас бөлмесінде жүрген едім. Жоғары қабаттағы көрші пәтерден екі бүлдіршін қыздың құтқарыңдар деген дауысын құлағым шалды. Оқиға барысын байқасам, пәтер ішінен түтін шығып жатқаны аңғарылады. Ас бөлмесіндегі терезе арқылы жоғары қабатқа шығуға шешім қабылдадым. Орындық және басқа дүниелерді пайдаланып жоғары қабаттағы пәтерге жеттім. Алдымен Инаятты, одан кейін Нұрдананы құтқардым», - деді Нұрсұлу Паданова.

Нұрсұлу Паданова «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының» дефектолог-маман болып қызмет атқарады. Жолдасы екеуі төрт бала өсіріп отыр.

Аман қалған бүлдіршіндердің анасы Гүлхан Сейділдәқызы Нұрсұлуға алғыс білдірді.