Өркениетті елдерде міндетті вакциналау баяғыдан бар.
ERNUR.KZ. А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басшысы Болатбек Баймаханов балаларды міндетті вакциналауға қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бір ғана мысал келтірейін. Мен қызылша, полиомиелит, дифтерия, туберкулезге қарсы вакцинация туралы айтып отырған жоқпын. Ол мәселе тіпті де талқыланбауы керек. Мен балаларыма, немерелеріме екпе жасаттым. Міндетті вакцинациядан өткізе беремін де. Екпеден қауіпті жағдай туындаса мен олардың басын қауіпке тігер ме едім. Былтыр қызылшадан көз жұмған балалардың бәріне бұрын екпе жасалмаған болып шықты. Ата-аналар неліктен үндемейді? Міндетті деген сөзді мәжбүрлі деп түсінбеуіміз керек. Covid19 ауруына қарсы вакцинация да міндетті болады деген сыбыс шығып жатыр. Менің ойымша, ЖРВИ туындататын вирустар ылғи мутацияға ұшырайтындықтан, бұл мүмкін емес. Тұмау вирусына қарсы міндетті вакцинацияның болмауы да осыған байланысты», - деп жазады орталық басшысы Facebook-тегі парақшасында.
Б.Баймаханов Денсаулық сақтау министрлігі және медицина қызметкерлері «халыққа қарсы» Кодексті дайындады деп айыптаған «белсенділер» туралы айтады. Оның сөзінше, медициналық орта өкілдері бірнеше рет «ақша төленген» блогерлер туралы айтып қалған. Орталық басшысы бұл сыбысты негізсіз деп есептемейтін көрінеді. Дәрігердің пайымынша, бұған дейін «әділеттілік үшін күрескерлер» елімізде жақсы дамып келе жатқан – трансплантология саласын да тоқтатып тастаған. Бұған дейінгі жылдары Қазақстанда ағзаны ауыстыру бойынша 300 операция жасалып келсе, биылғы жылдың басынан оталар саны 34-тен аспаған. Ал бір жылдағы қажеттілік 3 мың операцияны құрайды.
«Енді олар міндетті вакцинацияға қарсы шығып жатыр. Ал өркениетті елдерде міндетті вакциналау баяғыдан бар. Ең алдымен, В гепатитіне қарсы міндетті вакцинация туралы айтқым келеді. В гепатиті – бауырды зақымдайтын вирусты инфекция, денсаулық сақтау саласының басты проблемасының бірі. Бүкіл әлемде 257 млн адамда HBV созылмалы инфекциясы бар. Жыл сайын осы аурудың күрделенуінен, бауыр берішінен, гепатоцеллюлярлы обырдан (Global hepatitis report 2017, WHO) әлемде 686 мың өлім жағдайы тіркеледі», - дейді ол.
Болатбек Баймаханов В вирусты гепатитін алдын алудың бірден-бір жолы – вакцинация екенін атап өтеді. Себебі вакцина егу қауіпсіздіктің жоғары дәрежелігімен, тиімділігімен ерекшеленеді.
«1986 жылдан бастап қолданысқа енгізілген В гепатитіне қарсы вакцинация синтетикалық жолмен жасалады. Осының арқасында бүкіл әлемде гепатитке шалдығу деңгейін 30 есе азайтып, өлімді 85-90 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Вакцинация бағдарламасы басталғалы бері балалардың гепатоцеллюлярлы карциномаға шалдығу деңгейі 25 пайызға азайды. В гепатитіне қарсы вакцина – «обырға қарсы» алғашқы вакцина ретінде танымал. Себебі ол обырға апарып соғатын В гепатитінің алдын алады. Қазіргі таңда Қазақстан әлі күнге дейін HBV инфекциясының таралуы бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекет ретінде қалып отыр», - дейді ол.
Орталық басшысы Қазақстандағы әрбір азамат В гепатитіне қарсы вакцинаны қабылдауы керек деп есептейді.