Өскеменде қызылшадан 6 айлық нәресте көз жұмған. Жұқпалы аурудан көз жұмған тағы бір бала өлімі Астана қаласында тіркелген болатын.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері желтоқсан айында қызылшадан көз жұмған екі балаға қатысты оқиғаға пікір білдірді, деп жазады stan.kz.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында эпидемиологиялық жағдайды баяндаған министрлік өкілдері қызылшаның өршіп тұрғанын айтты. Сондай-ақ желтоқсан айында елімізде қызылшадан екі бала көз жұмғанын жасырмады. Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Әйгерім Оспанова осы жағдайға қатысты тергеу нәтижелерімен бөлісті.
"Желтоқсан айында бізде қызылшадан балалар өлімінің екі жағдайы тіркелді. Біріншісі Шығыс Қазақстан облысында 6 айлық бала. Ата-анасы біріншісінде баланы ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Ал екінші рет ауруханаға стационарға жатқызған уақытта оның жағдайы нашарлап кетті, ауру асқынып кеткен. Өкінішке орай, олар баласынан айырылып қалды”,-деді ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Әйгерім Оспанова.
Департамент өкілі алты айлық баланың шынымен де қызылшадан көз жұмғаны сараптама қортындысында расталғанын айтты. Әйгерім Оспанова өткен айда жұқпалы аурудан көз жұмған астаналық сәбидің оқиғасына қатысты да түсініктеме берді.
“Екінші жағдайға келсек, бала 4 айлық болған. Оны ауруханаға әкелген уақытта ауыр жағдайда болған. Бүгінгі таңда сараптамалар жүргізіліп, диагноз расталды", - деді департамент басшысының орынбасары.
Ведомство өкілінің айтуынша Өскеменде аурудан көз жұмған емізулі баланың анасы да қызылшаға қарсы екпе салдырмаған.
Еске салайық, бұған дейін Өскеменде қызылшадан 6 айлық нәресте көз жұмғаны туралы хабарлаған едік. Жұқпалы аурудан көз жұмған тағы бір бала өлімі Астана қаласында тіркелген болатын.