Биыл 11 ақпанда елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
ERNUR.KZ. Психикалық ауытқуы бар жасөспірімнің анасы ауруханада баламды ұрды деп полицияға шағым түсірген болатын. Аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inform.kz.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.
— Кәмелетке толмаған күдіктіге дене жарақатын салған санитарға қатысты ақпаратқа келетін болсақ, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді тергеу жүріп жатыр, — дейді Санжар Әділов Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің ісі бір ай ішінде сотқа жіберу жоспарда барын айтқан еді.
Еске сала кетейік, биыл 11 ақпанда елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған.
Дәрігерлер зардап шеккен балаға дереу ота жасап, психологиялық көмек көрсетті.
Қазір баланы пышақтаған жасөспірім психиатриялық стационарға орналастырылды.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаев жасөспірімнің ортаға бейім жағдайда болғанын айтты.
Сондай-ақ кейін анықталғандай лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді жалғызбасты ана тәрбиелеп отырғаны белгілі болды.
Айта кетсек, елордада көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің анасы психикалық денсаулық орталығында ұлын ұрғаны туралы полицияға шағым түсірген еді.
Кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордада лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді ұрды деген фактіге қатысты түсінік берді.