Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Мақпал Жүнісова 35 жыл бұрын марқұм болған әкесі туралы айтты. Өнер деген ордаға жетектеп келген әкесін шағынышпен еске алды.
"Жан әкеміздің орны 35 жыл ойсырап тұр. Топырағыңыз торқа болсын,
Мені ЗИЛ машинаңызға ойнап жүрген жерімнен отырғызып алып, "Кеттік,қызым, сені музыка мектебіне апарамын, сен атақты әнші боласың" деп айтқаныңыз әлі де жадымда, қасиетіңізден айналдым. Жан әкешім. Сіз өз парызыңызды жақсы атқарған әкесіз. Балаларыңызға үлкен қамқоршы бола білдіңіз, өз қолыңызбен үй салдыңыз, жанжағына ағаш отырғыздыңыз, анамызды ренжіткен жоқсыз.
Шопырлық қызметте де алда болдыңыз, қаншама мақтау xаттар алып, тіпті Одақ президентінің атынан алтын сағат сыйға бергені де менің бала жүрегімді бір көкке көтерген еді. Менің әкеме Брежневтен алтын сағат жіберіпті деп қатты қуанғаным-ай. Өмірден озарыңызда радиодан “Папажан” деген әнімді естіп, бата беріпсіз. Әнін тастамасын деп аманаттапсыз. Сол аманатыңызды орындап келемін, өнер жолы ауыр екен, әкешім… Топырағың торқа болсын, әруағыңмен желеп-жебеп жатарсың, сағыныш жастары қызыңның көзінен тоқтамай жатыр”, – деп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.
Дереккөз:Stan.kz


