Макс Корждың Алматыдағы концерті "Қайраттың" матчтарына байланысты өтпейтін болды

0
100

Мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге келісімшарт тек мемлекеттік органдардан толық рұқсат құжаттары дайын болған жағдайда ғана жасалады.


Макс Корждың Алматыдағы концерті

Фото: maxkorzhmus Instagram парақшасынан алынды

ERNUR.KZ. Беларусь орындаушысы Макс Корждың 6 қыркүйекте Алматының Орталық стадионына жоспарланған концерті өтпейтін болды, деп жазады stan.kz.

Спорттық нысандар Дирекциясының мәліметінше, стадион УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде "Қайрат" футбол клубының негізгі матчтарын өткізу үшін пайдаланылады.

"Кеше ғана команда шотландиялық "Селтикті" жеңіп, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл өз кезегінде аренаға мінсіз дайындықтың қажет екенін білдіреді", – делінген хабарламада.

Дирекция ережесіне сәйкес, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге келісімшарт тек мемлекеттік органдардан толық рұқсат құжаттары дайын болған жағдайда ғана жасалады. Алайда концерт ұйымдастырушылары тарапынан қажетті құжаттар белгіленген мерзімге дейін түспеген. Бұдан бөлек, стадионды ауқымды мәдени шараларға дайындау әдетте 10–20 күнді қажет етеді. Ал қазір концертті өткізу мүмкін болмай тұр.

"Осыған байланысты шараны өткізу заңдық және техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Ондаған мың көрермен жиналатын концерттердің тұрақты өткізілуі алаң газонына едәуір салмақ түсіреді. Бұл футбол матчтарының сапасына кері әсер етеді", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ дирекция алдағы уақытта Орталық стадион тек спорттық шараларға пайдаланылатынын айтты. Ал көрермендер билеттердің ақшасын қайтару үшін концерт ұйымдастырушылары мен билеттер сатылған орындарға жүгінуі тиіс.

Айта кетейік, Макс Корждың Алматыдағы концерті футболға байланысты бірінші рет тоқтатылып отырған жоқ. Өткен жылы да әнші Қазақстан кубогының финалына байланысты концертін кейінге қалдырған. Кейін мүлде өткізбей тастаған.