Мамин министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

0
670

Онлайн-үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин елдегі жағдай тұрақталғанын айтты.


Мамин министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

Үкімет басшысы Асқар Мамин ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен және өңірлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Баяндамалардан байқағанымыздай, эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақтану деңгейіне шыққаны байқалады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі тәулігіне 2,1 құрайды. Ал кейбір өңірлерде одан да аз. Мысалы, Шымкентте 1 пайыз, Қызылорда облысында 0,9%, Түркістан облысында 0,8%, Ақтөбе облысында 0,5%. Қазіргі басты міндет – барлық өңірлерде ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету, - деді Мамин.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес сапалы әрі қолжетімді толық көлемдегі медициналық көмекті, әсіресе, ауылдық елді мекендерде қамтамасыз ету бойынша бірқатар шара қабылдауымыз қажет деп отыр.

Біріншіден, денсаулық сақтау, индустрия министрлігі және әкімдіктер тамыздың соңына дейін өңірлердегі ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттармен қажеттіліктерге сәйкес қамтамасыз етсін. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында коронавирусқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын және кадрлармен жасақтасын. Әкімдіктерге анализдерді өңірлердің зертханаларына жеткізудің тиімді логистикасын пысықтауды тапсырамын, - деді премьер-министр.


Ал Индустрия, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері шұғыл түрде өңірлерді көшпелі диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды цифрлық рентген-аппараттармен қамтамасыз етуді тапсырды.


Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер екі апта ішінде оттегі концентраторлар мен медициналық газдарды өңірлерге толық көлемде жеткізілуін қамтамасыз етуі керек. "СҚ Фармация" биылғы шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, қосымша бір айға жететін көлемде өңірлерге бөледі. Сондай-ақ дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлаудың нақты жүйесін анықтауы тиіс. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысының үлгісімен әр өңірде тұрақтандыру қорларында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті запасы қалыптастырылуы қажет, - деді үкімет басшысы.