МӘМС: елордалықтарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 90,2 млрд теңге бөлінеді

0
1 090

2019 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде жаңа төлем жүйесі – бірыңғай жиынтық төлем жүйесі (БЖТ) енгізілді.


МӘМС: елордалықтарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 90,2 млрд теңге бөлінеді

ERNUR.KZ. Астана тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында 90,2 млрд теңге көлемінде медициналық қызметтерді сатып алу жоспарланып отыр, деп жазады Елорда Инфо.

Астаналықтар үшін денсаулық сақтау нысандарының дерекқорына енген, ТМККК көрсетуден үміткер медицина ұйымдарынан медициналық қызметтер сатып алынады.

«2019 жылы Астана қаласы бойынша емханалық-амбулаторлық көмекті дамытуға (оған жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайту, ауруларды басқару бағдарламасын енгізу, емханалық-амбулаторлық көмек пен жедел жәрдем тарифтерін көтеруге бағытталған шаралар жатады) 13,3 млрд теңге, учаскелік қызметкерлерге ауруларды басқару бағдарламасын енгізу мен патронаж үшін ынталандыру ретінде қосымша ақы төлеуге 283 млн теңге бөлу көзделіп отыр», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Медициналық сақтандыру жүйесі - медициналық қызмет сапасының және оның қолжетімділігінің кепілі. Медициналық сақтандыру жүйесі халықтың медициналық қызметке деген күннен-күнге өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандырады деп күтілуде.

Биылғы жылы төленетін жарна көлемі: 2019 жылы елордалық жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмыскер үшін оның табысының 1,5% мөлшерінде жарна аударады. Төлемдерге қатысты шектеулер бар – егер азаматтың ай сайынғы табысы 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) көп болса, онда аударым тек сол 10 ЕТЖ-дан ғана алынады.

Сондай-ақ, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде жаңа төлем жүйесі – бірыңғай жиынтық төлем жүйесі (БЖТ) енгізілді. Ол төрт түрлі төлемді – жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын жарналарды біріктіреді. Бұл қарамағына жұмыскер алмай, табыс табу мақсатында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін астаналықтар үшін өте ыңғайлы. Яғни, осы төлем жүйесімен жарна төлеу арқылы елордалық өзін-өзі жұмыспен қамтушылар да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік алады. Төлем республикалық маңызы бар қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) болса, басқа елді мекендерде (ауыл, аудан т.б.) 0,5 АЕК құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, медициналық сақтандыру Қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері және үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы болып табылады. Яғни, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы – Қор бақылауында.