Сот жаңаөзендік тұрғынның биыл сәуірде TikTok әлеуметтік желісінде жариялаған бейнежазбасын" әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздыруды негіздейді" деп бағалаған.
Фото: бейнеден скриншот
ERNUR.KZ. Жаңаөзендік Жадыра Досекеева Қылмыстық кодекстің "телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл шартты жазаға кесілді, деп жазады inbusiness.kz.
Сондай-ақ белсенді қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады. Сонымен қатар тұрғынға үш жыл бойы әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды.
Белсендіге қатысты қылмыстық іс биыл маусымда қозғалған болатын. Сот барысында прокурор оның бас бостандығын 4 жылға шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Ал сот айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, үш жыл шартты жаза кескен. Сондай-ақ белсенді жазаны өтеу кезінде жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылады.
"Сотталушы Жадыра Досекеева өзінің кінәсін мойындамай, соттан ақтау үкімін шығаруды сұрады. Жадыра Досекееваның кінәсі куәлердің жауаптарымен, психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысымен, істің басқа да құжаттарымен дәлелденді. Сот Жадыра Досекееваға жаза тағайындау барысында асырауында кішкентай балаларының болуын қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады”, – делінген хабарламада.