​Маңғыстау облысында жақынынан зәбір көрген әйелдер мен балалар саны артып барады

0
2 013

Мамандар дағдарыс орталығына айына 30-дан астам адам хабарласатын айтып, дабыл қағып отыр.


​Маңғыстау облысында жақынынан зәбір көрген әйелдер мен балалар саны артып барады

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында жақынынан зәбір көрген әйелдер мен балалар саны артып барады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға облыс орталығындағы бірегей үкіметтік емес ұйым қызметкерлері қол ұшын созуда. Мұндағы мамандар дағдарыс орталығына айына 30-дан астам адам хабарласатын айтып, дабыл қағып отыр. Жәрдем сұрап келген адамдар әлеуметтік маңыздағы ғимаратқа уақытша орналасып, жеке басы және сәбиінің құжаттарын рәсімдей алады, деп жазады BNews.kz.

Айта кетейік, дағдарыс орталығының қызметкерлері көмекке мұқтаж аналардың кәсіптік білім алуына жағдай жасап, жұмысқа тұруына да көмектесіп жатыр.

Екі баланың анасы Айгүл Кенесарықызының Ақтаудағы дағдарыс орталығын паналап жүргеніне үш аптаға жуықтады. Осы уақыт ішінде үлкен перзентін балабақшаға орналастырып, өзі кондитерлік курсқа қабылданды. Ендігі мұраты - тәттілер тағамдар пісірумен айналысып, өз алдына жеке кәсіп ашу.

"Дағдарыс орталығына келген бойда мамандар маған және екі балама уақытша тұруға бөлме берді. Жағдайымды толық түзеп алғанша осында қалуға болатынын естіп қатты қуандым. Орталықтағы заңгер жеке және балаларымның құжаттарын рәсімдеуге көмектесті. Ал психолог маманының кеңесімен өз өмірді қайта бастауды шештім", - дейді Айгүл Кенесарықызы.

Ақтаудағы дағдарыс орталығы осыдан екі жыл бұрын қазақстандық қордың қаржылай қолдауымен жұмысын бастаған болатын. Үкіметтік емес ұйым ұжымы осы күнге дейін 85 әйел мен 144 балаға қол ұшын созыпты. Сондай-ақ, 700-ге жуық адам заңгерлік, әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер салалар бойынша білікті мамандар көмегіне жүгінген.

23-ші шағынауданда орналасқан дағдарыс орталығы 15 орындық. Қазір мұнда 3 әйел мен 7 бала тұрып жатыр.

"Жолдасынан күнде зәбір көріп, үйінен кетуден басқа амалы қалмаған әйелдердің мұң-мұқтажын терең түсінемін. Өйткені, мұндай қиын кезең өз басымнан да өткен болатын. Тәжірибелі психолог ретінде адамдарға көмектесу үшін осы орталықты аштым", - дейді Ақтаудағы дағдарыс орталығының жетекшісі Райхан Бекманова.

Оның айтуынша, мұнда бірінші кезекте отбасы бірілігін сақтап қалуға күш салынады. Бұл бағыттағы іс-шаралардың елімізде жуырда жаңадан құрылған құзырлы орган – жанұялық сот мамандарымен бірлесе атқарылуы үрдіске айналған.

Айта кетейік, әлеуметтік маңыздағы кешенде биыл кереует саны көбейеді деп жоспарланған. Ғимаратқа іргелес салынған кешенде жақын күндері орталық мамандары көшіп барады. Сәйкесінше, олардан босаған бөлмелер жатын орынға айналады. Сондай-ақ, кешен алдындағы бос жерге балалар ойнайтын алаңқай салу күн тәртібінде тұр.