Нұрлан Ноғаев журналистердің сұрағына жауап беру кезінде барлық митингке бара алмайтынын, себебі өз міндеттері де бар екенін айтты.
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұмысшылар ереуілге шыққанда неліктен келмейтінін түсіндірді. Оның сөзінше, жұмысшылар алдына шықпаса да шағымын айтып әкімдікке келгендермен тұрақты түрде сұхбаттасып отырады екен, деп жазады Stan.kz.
Нұрлан Ноғаев журналистердің сұрағына жауап беру кезінде барлық митингке бара алмайтынын, себебі өз міндеттері де бар екенін айтты.
"Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы мәселені шешудің өз алгоритмі бар. Ереуілге шықпас бұрын еңбек инспекторына шағым түсіру керек. Ереуілге шығу міндетті емес. Бізде митинг әр аймақта болып жатады. Барлығына баратын болсам , өз міндеттерім тасада қалады. Басқа тұрғындардың да мәселесін шешуім қажет. Дегенмен барлығынан хабардармын. Тиісті органдарға тапсырма беріліп, сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр”, – деп айтты Нұрлан Ноғаев.
Ноғаевтың сөзінше, ол облыс әкімдігіне шағымын айтып келген азаматтармен кездесіп, мәселені шешу жолдарын іздейді екен.
“Жүйелі түрде жұмыс жасаймыз. Адамдар келсе, жүздесіп сұхбаттасып жатамыз. Таңертең 2-3 сағат, кешке 2-3 сағат отырып шағымданған азаматтармен сұхбаттасамыз”, – деп қосты облыс әкімі.
Нұрлан Ноғаев неліктен аймақта еңбек дауы жиі орын алатынына қатысты сауалға да жауап берді.
“Еңбек дауының болуы орынды. Жұмысқа алынған кезде қызметкер мен жұмыс берушінің арасында келісім жасалады. Келісімде екі жақтың барлық міндеттері көрсетіледі. Ал дау болғанда жауапты органдар заңға сәйкес жауап берсе, жұмысшылар бұған қанағаттанбайды. Бірден ереуілге шығады. Неғұрлым екі жақ әділ әрі ашық болса, мәселе де жылдам шешіледі”, – деді Нұрлан Ноғаев.