Маңғыстау тұрғындары автогаз қымбаттағанына шағымданды

0
632

Ақтауда сұйытылған мұнай отынының литрі 90 теңгеге дейін жетеді.


Маңғыстау тұрғындары автогаз қымбаттағанына шағымданды

ERNUR.KZ. Маңғыстаулықтар автогаз бекетінде газ қымбаттағанына шағымданды, деп жазады inAktau.kz.

Ақтауда сұйытылған мұнай отынының литрі 90 теңгеге дейін жетеді. Бейнеу бекеттерінде газ бағасы 95 теңгеге дейін өскен.

Маңғыстау облысының әкімдігі бағаны ЭСА-ға сұраныс пен ұсыныс негізінде нарық қалыптастыратынын мәлімдеді.

"Желтоқсанда 75 пайызы электрон сауда алаңында саудаланды. 2022 жылдың қаңтарынан бастап барлық газ электрон сауда алаңы арқылы сатылады", - деді облыс әкімдігінің өкілі.

"Лада" мәліметінше, жаңаөзендік жүргізушілер жанармай бекетіндегі кезек пен газ қымбаттауына шағымданып жатыр. Жүргізушілер бірқатар бекетте сұйытылған газ литрі 100 теңгеге дейін қымбаттағанын айтты.

Маңғыстау өңірі ай сайын 18 мың тонна сұйытылған мұнай газын тұтынады. "ҚазГӨЗ" ЖШС 14,5 мың тонна өндіреді, қалған көлемі Атырау облысынан әкелінеді. Облыста газ тасымалдауды тоғыз газ желісі ұйымы жүзеге асырады. Облыста 300 автогаз бекеті тіркелген.

"ҚазГӨЗ" тозған, сондықтан облыста жаңа газ өңдеу зауыты жасалады.

"Жаңа зауыт жылына 900 миллион текше метр көлемінде шикі газды өңдеу өнімділігімен әлемдік стандарттарға сәйкес жобаланады", - деді облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров.

Бұған дейін энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде жанар-жағармай қымбаттауына себеп жоғын айтқан болатын.