Маңғыстауда балабақшада бала пышақ жарақатын алды: директор қызметінен босатылды

0
81

Оқиға болған сәтте топ бөлмесінде тәрбиеші мен оның көмекшісі болмаған.


Маңғыстауда балабақшада бала пышақ жарақатын алды: директор қызметінен босатылды

Фото: Pexels

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының Жетібай ауылындағы балабақшада тәрбиеленуші кеңсе пышағынан жарақат ал ды. Оқиға 20 сәуірде болған, алайда ол туралы бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланған соң хабар кеңінен тараған, деп жазады inform.kz.

Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, тынығу уақытында «Жауқазын» балабақшасы директорының ұлы «Көгершін» тобына кірген.

Ведомство дерегіне сәйкес, бала ұйықтап жатқан балаларды оятқан. Соның салдарынан тәрбиеленушілердің бірі кеңсе пышағынан жарақат алған.

Оқиға болған сәтте топ бөлмесінде тәрбиеші мен оның көмекшісі болмаған.

Бейнежазба жарияланғаннан кейін білім басқармасы тексеру жүргізді. Тексеру барысында бейнекадрдағы жағдайдың рас екені расталды.

Топ тәрбиешісінен түсініктеме алынып, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді.

Ведомство мәліметінше, аудандық білім бөлімінің 2026 жылғы 13 мамырдағы бұйрығы негізінде балабақша директорымен еңбек шарты бұзылған.

Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйым директоры мен топ тәрбиешісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға айыппұл салынды.