Маңғыстауда Бекет атаға зиярат етуге барған үш адам жоғалып кетті

0
109

Жоғалғандар – 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова.


Маңғыстауда Бекет атаға зиярат етуге барған үш адам жоғалып кетті

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында Бекет ата жерасты мешітіне зиярат етуге барып, содан кейін байланыссыз кеткен үш адамды іздестіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ауқымды құтқару операциясына құтқарушылар, полиция, авиация және арнайы техника тартылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, жоғалғандар – 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова. Олар 2026 жылдың 2 шілдесі күні мемлекеттік нөмірі 010 FZA 12 болатын «Great Wall» маркалы автокөлігімен Бекет ата бағытына қарай жолға шыққан. Саяхатшылар соңғы рет сол күні сағат 16:15 шамасында байланысқа шыққан.

«Олар WhatsApp мессенджері арқылы мешіт аумағынан видеожазба жіберген. Осыдан кейін олармен байланыс үзіліп, содан бері қайда екендіктері белгісіз қалуда», — деп жазады жергілікті басылымдар.

Маңғыстау облыстық Полиция департаменті қазіргі уақытта ауқымды жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

Далалық және қыратты аумақты жан-жақты тексеру жұмыстарына бірнеше қызметтің күштері жұмылдырылды. Іздестіру шараларына Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, полиция қызметкерлері, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің мамандары және жергілікті еріктілер қатысып жатыр.

Аумақты әуеден барлау үшін арнайы тікұшақтар мен жол талғамайтын техникалар, сондай-ақ қажетті заманауи жабдықтар қолданылуда. Іздеу жұмыстары бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар бұл автокөлікті немесе жоғалған азаматтарды көрген-білгендер болса, дереу полицияның кезекші бөліміне немесе 102, 112 нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.