Маңғыстауда дезинфекция кезінде 2 адамның өліміне себепші болған маман сотталды

0
788

Дезинфекция жүргізілген пәтерге көрші орналасқан пәтердің 5 тұрғыны уланып, екеуі мерт болды.


Маңғыстауда дезинфекция кезінде 2 адамның өліміне себепші болған маман сотталды

ERNUR.KZ. Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылындағы көппәтерлі үйлердің бірін улау барысында тыйым салынған дәріні қолданған маман 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Мұнайлы аудандық сотында ҚР ҚК 304-бабының 3-бөлігімен улау жұмысын жүргізген азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты.

Сотта анықталғандай, Ж. есімді азамат Маңғыстау ауылында пәтер иесінің тапсырысымен 30 мың теңгеге қандаланы жою жұмысын жүргізген. Ол улау кезінде Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілмеген, 1-сыныпқа жататын (Үндістанда жасалған) ауылшаруашылығында, астық сақтау қоймаларында әртүрлі зиянкестерді жоюға арналған «Квикфос» таблеткасын пайдаланған.

Салдарынан дезинфекция жүргізілген пәтерге көрші орналасқан пәтердің 5 тұрғыны уланып, екеуі мерт болды. Атап айтсақ, Ш. есімді азамат уланып көз жұмған. Ал, кәмелетке толмаған Ф. облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде есін жимастан қайтыс болды.

Мұнайлы аудандық сотының үкімімен Ж. ҚР ҚК 304-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, ол дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айырылды. Сондай-ақ, 5 жыл мерзімге сотталды.