​Маңғыстауда «КазАзот» зауытында жаңа аммиак-карбамид кешенінің жобасы таныстырылды

0
98

KazAzot Prime – еліміздегі ең ірі химиялық өндіріс кешендерінің біріне айналарлық әлеуетке ие болмақ.


​Маңғыстауда «КазАзот» зауытында жаңа аммиак-карбамид кешенінің жобасы таныстырылды

ERNUR.KZ. Ақтаудағы «КазАзот» зауыты жаңа «KazAzot Prime» аммиак-карбамид кешені құрылысының жобасын таныстырды. Жиында жобаның өңірлік және ұлттық деңгейдегі стратегиялық маңызы мен құрылысқа дайындық барысы талқыланды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

KazAzot Prime – еліміздегі ең ірі химиялық өндіріс кешендерінің біріне айналарлық әлеуетке ие болмақ. Жоба аясында жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіру жоспарланған.
Кешенді 2029 жылы іске қосу жоспарланды, құрылыс кезінде шамамен 1 500, ал іске қосылған соң 700 тұрақты жұмыс орны ашылады. Негізгі технологиялық серіктестер қатарында - АҚШ, Қытай, Жапония, Испания бар. Отандық өнімді ішкі нарықпен қатар Орталық Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріне экспорттау көзделіп отыр.
Жоба экологиялық тиімділігімен де ерекшеленеді. «КазАзот» АҚ бас инженерінің орынбасары Дәуіржан Жұмабековтың айтуынша, кешенде заманауи экологиялық технологиялар қолданылмақ.
– Шығарындыларды азайтатын озық технологиялар мен суды тұйық циклде пайдалану жүйелері енгізіледі. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені едәуір төмендетіп, жобаны өңірдегі ең заманауи өндірістердің біріне айналдырады, - деді Дәуіржан Жұмабеков.
Айта кетейік, «КазАзот» АҚ - аммиак, азот қышқылы мен аммиак селитрасын өндіретін елдегі жетекші химия кәсіпорны. Шикізат көзі - Шағырлы-Шомышты газ кен орны. «KazAzot Prime» іске қосылған соң, компанияның өндірістік қуаты артып, Қазақстанның әлемдік тыңайтқыш нарығындағы позициясы нығая түспек.