Марқұм Нұрай Серікбайдың туыстары айыпталушыдан 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап етті

0
145

Қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді.


Марқұм Нұрай Серікбайдың туыстары айыпталушыдан 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап етті

Фото: Марқұм Нұрай Серікбайдың отбасының жеке архивінен

ERNUR.KZ. 7 тамыз күні Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп жазады stan.kz.

Сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арызын жариялады.

Адвокаттың айтуынша, отбасы 14 739 065 теңге көлемінде материалдық шығын шеккен. Осы сома жерлеу рәсіміне, ас беру шығындарына (соның ішінде қырқына), құлпытас орнатуға, көлік және заңгерлік қызметтерге, сондай-ақ тергеу амалдары мен сот процесіне қатысуға жұмсалған.

Ал моральдық зиян үшін отбасы айыпталушыдан 10 миллиард теңге өндіруді сұрап отыр. Адвокаттың сөзінше, ешқандай қаржы Нұрайдың ата-анасы мен бауырларының қайғысын жеңілдете алмайды.

"Ата-анасы махаббатпен тәрбиелеп өсірген жалғыз қызынан айырылды. Ағалары сүйікті қарындасынан көз жазды. Баласынан айырылған ата-ананың қайғысы мен қасіретін ешбір материалдық құндылықпен өлшеу мүмкін емес. Қанша көлемде өтемақы талап етілсе де, ол Нұрайды қайтара алмайды әрі жақындарының жан жарасын емдей алмайды", – деді адвокат.

Осылайша, жәбірленуші тарап соттан айыпталушы Шерхан Аймаханұлы Аймаханнан:

  • 14 739 065 теңге материалдық шығынды;
  • 10 миллиард теңге моральдық зиян өтемақысын өндіруді сұрады.

Адвокаттың айтуынша, егер сот бұл талапты қанағаттандырса, моральдық өтемақы ретінде өндірілген барлық қаражат қайырымдылыққа бағытталады.

Талап-арыз жарияланғаннан кейін судья айыпталушыдан бұл талаптарды мойындайтынын сұрады. Айыпталушы азаматтық талаппен келіспейтінін мәлімдеді.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.