Нұрдәулет Қилыбайдың сөзінше, өзін өртеп жіберген азаматты әкімдік ғимаратында орынбасарлары қабылдаған.
Фото: Stan.kz
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай әкімдік ғимаратында өзін өртеп жіберген азаматқа қатысты пікір білдірді. Сөзінше, марқұмның артында 6 баласы мен жұбайы қалған. Алдағы уақытта кәсіпкерлер отбасына көмек көрсетеді, деп жазады stan.kz.
Облыс басшысы оқиға орын алардан бұрын аймақ тұрғындарымен кездескенін атап өтті.
"Әрине, иманы саламат болсын дейміз. Екінші күні сол ғимараттың ішінде тұрғындарды қабылдау болды, ең соңғы тұрғынға дейін қабылдап кеттік. Мен бұл сұрақты ешкімге қоя алмаймын. Кететін азамат өмірден өтіп кетті. Бірақ өзіме іштей сұрақ қоямын, мен де адам баласымын. Үлкен отбасы азаматынан, ағайындары бауырынан айырылып қалды. Артында 6 баласы қалды, әйелі 7-баласына аяғы ауыр екен. "Сол кезде неге маған келмеді екен? Сол кезде кездесіп қалар едік қой" деп сұрақ қоямын", – дейді облыс әкімі.
Нұрдәулет Қилыбайдың сөзінше, өзін өртеп жіберген азаматты әкімдік ғимаратында орынбасарлары қабылдаған.
"Орынбасарымның айтқан мәселелерін менің де айтқаным деп қабылдау керек. Бәріміз бір заңға, бір ережеге сүйеніп сөйлейміз. Бәріміздің қолымызда бір вакансияның тізімі. Әкім қабылдады деп, әкімдердің қолында бөлек вакансия тұрмайды. Меніңше, дін жағынан келсеңіз де, қате кетіп қалды. Екіншіден, кімге жаман болды? Артында шырылдап бала-шағасы қалды, ағайындары қалды. Әкімшілік пен жергілікті кәсіпкерлер бар, өз тарапымыздан отбасына көмек көрсетеміз. Бизнесмендер өз мойнына сондай жүктеме алды. Қанша көмек көрсетсек те, арыстандай азамат дүниеден өтті. Сол күні мен кеңседе болдым. Адам қабылдайтын күндерім бар, тізімде мыңнан аса адам жазылған. Бір нәрсені түсіну керек, облыс әкімі келген адамды қабылдай берсе, таңнан кешке дейін немесе 24 сағат бойы адам қабылдаумен отыру керек. Біздің уақытымыз шектеулі, сондықтан кестеге сәйкес адамдарды қабылдаймыз. Сол Қарақия ауданында да тұрғындарды қабылдадық, келемін дегендерге есік ашық болды. Ешкімді іріктеп кіргізген жоқпыз. Сол кезде келгенде, мәселе басқаша болар ма еді?" – дейді әкім.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысы әкімдігінің алдында ер адам өзін өртеп жібергені туралы хабарлаған едік. Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Е. есімді азамат әкімдік ғимаратына келіп, әкіммен кезіккісі келетінін айтқан. Алайда олар әкімнің бүгін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдамайтынын жеткізген. Сосын белгіленген күні келуін сұраған.