Мәсімовтің тәркіленген зәулім үйі Оқу-ағарту министрлігіне берілді

0
128

Министрліктің баспасөз қызметі мұндай шешім ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының артуына байланысты қабылданғанын түсіндірді.


Мәсімовтің тәркіленген зәулім үйі Оқу-ағарту министрлігіне берілді

cabinet-auction.e-qazyna.kz

ERNUR.KZ. Астанадағы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовтің тәркіленген зәулім үйі Оқу-ағарту министрлігіне пайдалануға берілді, деп жазады tengrinews.kz.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының (ҚАБК) баспасөз қызметі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бұйрығымен бұл үй Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзив білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығына бекітілгенін растады.

Министрліктің баспасөз қызметі мұндай шешім ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының артуына байланысты қабылданғанын түсіндірді.

"Ел бойынша арнайы және инклюзив білім беру ұйымдары желісін кеңейту туралы шешім қабылданды. Бас орталық Алматыда орналасады, ал қалған өңірлерде, оның ішінде Астанада да филиалдар ашылады", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Министрлік мұндай тәсіл "біртұтас ғылыми-әдістемелік база құруға, мамандарға, ата-аналарға және балаларға қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін" атап өтті.

"Инклюзив және арнайы білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Қазір ерекше білім беру қажеті бар балаларды кешенді қолдау туралы заң ұлттық деңгейде дайындалып жатыр", – деп толықтырды министрлік.

Еске салайық, 2025 жылғы сәуірде ҚАБК Астанадағы Кәрім Мәсімовтің үйі әлеуметтік мақсаттарға берілетінін хабарлаған еді.

Бұған дейін бұл үйдің бірнеше жер телімін қамтитыны, олардың бірінде гараж орналасқаны айтылған. Үй 879 дана мүлікпен бірге сатылымға шығарылған. Оның ішінде жиһаз, тұрмыстық заттар, әшекейлер, коллекциялық монеталар және кәдесый қарулар болған.