Мәжіліс депутаты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалды

0
636

Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.


Мәжіліс депутаты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалды

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Асылбек Смағұловтың кандидатурасын еліміздің Орталық сайлау комиссиясы мүшесі ретінде тағайындау туралы ұсыныс енгізген болатын. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.

Смағұлов Асылбек Айжарықұлы 1970 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Заң ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. 2000-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы полициясының академиясында қылмыстық құқық және криминология кафедрасының доценті, бастығы, академия бастығының ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі орынбасары, академия бастығының оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2012 - 2016 жылдары «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ директоры қызметінде болған.

2016 жылғы 24 наурыз айынан бастап «Нұр Отан» партиясынан VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) және Әділет министрлігінің құрмет грамоталарымен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшiн», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «МПА СНГ. 25 лет», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған. Өзге де наградалары бар.

Бірқатар басылымдарда жарияланған 100-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 оқулықтың (бірлескен авторлықтағы), 10-нан астам оқу құралдары мен монографиялардың авторы.