Мектептер қызылшаға байланысты карантинге жабыла ма – министр жауап берді

0
1 259

Шешімді Денсаулық сақтау министрлігі шығарады.


Мектептер қызылшаға байланысты карантинге жабыла ма – министр жауап берді

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қызылшаға қатысты мектептердің карантинге жабылуына қатысты пікір айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі тиісті іс-шаралар қабылдап жатыр. Қызылшаны ауыздықтау, оны таратпау бойынша ауқымды іс атқарылып жатыр. Мектептің жұмысын тоқтату немесе тоқтатпау мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде, сондықтан олардың шешімін күтеміз», - деді Бейсембаев.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысының кулуарында дерттің өршуіне қатысты Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев түсініктеме берген болатын.

«Биыл қызылшамен ауырғандар саны 11 мыңнан асып түсті. Жағдай әсіресе, Шымкент, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл облыстарында ушығып тұр. Жалпы сырқаттанған адамдардың 83%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 85%-ы – екпе алмаған балалар. Сондықтан екпені нығайту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 6-11 айлық сәбилер мен 2-5 жас аралығындағы балаларға екпе салынады. Ал екпе алмағандардың басым көпшілігінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе әлеуметтік желілерден шындыққа жанаспайтын ақпараттар алған. Соған байланысты ата-аналар балаларына екпе салдырудан бас тартып жатыр», - деп түсіндірді бірінші вице-министр.