Мектептерде қазақы амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысына енгізу ұсынылды

0
297

Қазақстан мектептерінде ұлттық құндылықтарға негізделген амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізу ұсынылды.


Мектептерде қазақы амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысына енгізу ұсынылды

ERNUR.KZ. Бұл бастаманы «Әділет» фракциясының депутаттары көтеріп, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады, деп жазады baq.kz.

Депутат Ерлан Сайырдың айтуынша, ұлттық мұраны сақтау тек тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қорғаумен шектелмеуі керек. Ұлттық мәдениет адамның күнделікті мінез-құлқы мен қоғамдағы әдеп нормаларынан да көрініс табуы тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мұраны сақтаудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Мемлекет басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту мәселесін көтеруі де осы саясаттың нақты көрінісі, – деді депутат.

«Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан көрінеді»

Депутаттардың пікірінше, мәдениетті тек концерт, театр немесе музей секілді салалармен байланыстыру жеткіліксіз.

Мәдениет – адамның күнделікті жүріс-тұрысынан, өзгелермен қарым-қатынасынан және қоғамдағы әдеп сақтауынан байқалатын өмір салты. Осы тұрғыдан алғанда, амандасу мәдениеті ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі көрнекті элементтерінің бірі саналады.

Депутаттар әлем халықтарының тәжірибесінде сәлемдесу рәсімі әр ұлттың өзіндік болмысын көрсететін мәдени белгі екенін атап өтті. Жаһандану жағдайында ұлттық амандасу дәстүрлерін сақтау мәдени ерекшелікті сақтаудың бір тетігі болуы мүмкін.

Қазақ қоғамында да амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болған. Оның негізінде үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, туыстық және қоғамдық байланысты сақтау секілді құндылықтар жатыр.

Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады, – делінген депутаттық сауалда.

Амандасу әдебін мектептен бастап қалыптастыру ұсынылды

Депутаттар бұл мәселені бір реттік акция немесе жеке тәрбие шарасы ретінде қарастырмай, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бағыттарының бірі ретінде қалыптастыру қажет деп есептейді.

Осыған байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныс жасалды.

Атап айтқанда, депутаттар:

  • амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың нақты әдістемелік ұсынымдарын әзірлеуді;
  • мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді;
  • сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-аналармен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және мектептің күнделікті мәдени ортасы арқылы амандасу әдебін орнықтыру тетіктерін қарастыруды;
  • мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді сұрады.

Депутаттардың пайымынша, баланың ұлттық мәдениетке деген түсінігі үлкен мәдени шаралардан бұрын күнделікті қарапайым әдеттерден қалыптасады. Сондықтан үлкенге сәлем беру, құрмет көрсету және әдеп сақтау секілді дәстүрлерді білім беру жүйесінің күнделікті мәдени ортасына енгізу ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізудің тиімді жолдарының бірі болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды ұсынды. Депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына қатысты мәселе көтерді.