Мемлекет басшысы Энергетика министрін қабылдады

0
589

Мемлекет басшысына ведомствоның ел аймақтарына одан әрі газ құбырын тарту жоспары таныстырылды.


Мемлекет басшысы Энергетика министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президентке энергетика саласын дамытудың негізгі мәселелері мен еліміздің отын-энергетика кешенінің биылғы 10 айдағы көрсеткіштері, сондай-ақ мұнай-газ және энергетика бағыттарындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді.

Кездесу барысында Алмасадам Сәтқалиев аталған кезең ішінде Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі 74,8 миллион тоннаны, ал мұнай өнімдерінің өндірісі 11,2 миллион тоннаны құрағанын жеткізді. Сонымен қатар 48,7 миллиард текше метр газ, 93,5 миллиард кВт/cағ электр қуаты және 15,35 мың тонна уран өндірілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық электр желісін дамыту үшін атқарылып жатқан шаралар, биыл маусым айында іске қосылған электр энергиясын нарықта сатудың жаңа механизмі жөнінде баяндалды.

Мемлекет басшысына қысқы жылыту маусымы қалыпты өту үшін қосымша бақылау орнатылғаны туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, энергетика нысандарын қамтамасыз ету мақсатында 5,5 миллион тонна көмір мен 100 мың тонна мазут қоры дайындалған.

Бұған қоса Мемлекет басшысына ведомствоның ел аймақтарына одан әрі газ құбырын тарту жоспары таныстырылды.

Кездесу соңында Президент жылыту маусымының барысын және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының іске асырылуын айрықша бақылауда ұстауды, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармаймен және сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды.