Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, өңірлердің әкімдері, ІІМ алқа мүшелері, орталық аппараттың басшылық құрамы және аумақтық полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, өңірлердің әкімдері, ІІМ алқа мүшелері, орталық аппараттың басшылық құрамы және аумақтық полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы елімізде «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
– Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады.
– Оның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі. Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда.Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар. Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек. Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән бергені жөн деп санайды.
– Қылмыстардың негізгі себебі көбіне қоғамға жат әрекеттерден туындайды. Сондықтан заңды бұзуға бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Сондай-ақ олардың қоғамдық тәртіпке қайшы істеріне түрткі болатын алғышарттарды түгел жою қажет. Бірақ бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Мұндай жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатыр. Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұның, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызы зор екеніне сенімді. Оның айтуынша, бұл жерде алдын алу жұмыстарының маңызы жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен кем емес.
– Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажет. Бұл, ең алдымен, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білу деген сөз.
– Халыққа ынтымақтастықтың өзара тиімді формасын ұсынып, кері байланыстың оңтайлы жолдарын реттеу маңызды. Бастамашыл және заңға қайшы әрекеттерге бей-жай қарамайтын азаматтарға арқа сүйеу құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының іс жүзінде сақталуына мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтты.
– Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек, – деді Президент.
Алқа отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Ішкі істер министрінің ұсынысын қолдады.
– Министрлік осы сынақ кезінде табандылық танытуға тиіс. «Бармақ басты, көз қысты» болмауы керек. Алайда аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты бақылауда ұстайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды. Атап айтқанда, былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Мемлекет басшысының пікірінше, осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.
– Жас ұрпақтың тағдыры, өмірі мен денсаулығы бәрінен маңызды. Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін мұқият саралап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлік қызметке жұмылдырған абзал. Көзбояушылық үшін жасалатын жұмысты доғару керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті.
– Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берілді.
– Ұрылар мен бандиттер түрмеде отыруы керек. Бұл – сіздердің криминалға қарсы әрекеттеріңіздің бірден-бір мақсаты. Қылмыстық топтармен ымырасыз күресу – сіздердің тікелей міндеттеріңіз әрі қызметтік борыштарыңыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жазасын өтеп жатқандардың негізгі құқықтарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, абақты дегеніміз – айыпты адамды жазалау орны ғана емес, адамның қайтадан қылмыс жасауына жол бермейтін мекеме болуға тиіс.
Сонымен бірге Президент құқық қорғау органдарының қызметі халық арасында бүкіл мемлекеттік жүйенің бет-бейнесі туралы түсінік қалыптастырады деп санайды.
– Біз өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген полицейлерді ескерусіз қалдырмауымыз керек. Әсіресе олардың нағыз ерлік істерін (ал мұндай жағдайлар аз емес), жұмысын лайықты бағалап, ең жоғары наградалармен марапаттауымыз қажет. Кәсібилік, жауапкершілік танытқан, ерлік көрсеткен нақты жағдайларды үлгі ету, Ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру арқылы полицияның оң имиджін қалыптастыру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Алқа отырысы барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қылмысқа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа, интернет алаяқтыққа қарсы күрес және оның алдын алу шаралары мен жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру мәселесі туралы есеп берді.