Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық күрес федерациясымен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Халықаралық күрес федерациясының президенті Ненад Валовичті қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев күрестің халықаралық спорт аренасындағы еліміздің беделін нығайтуда айтарлықтай рөлге ие екенін айтты. Сонымен қатар әлемдік турнирлерде табысты өнер көрсетіп жүрген отандық балуандардың жетістіктерін жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық күрес федерациясымен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті екенін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, инфрақұрылымды жетілдіру, даярлықтың озық әдістерін енгізу және елімізде халықаралық турнирлерді өткізу осы спорт түрінің танымалдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін еселеуге ықпал етеді.
Ненад Валович қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Ол Қазақстанды федерацияның маңызды серіктесі деп атап өтіп, біздің ұлттық күрес мектебінің зор табыстарына тоқталды. Ненад Валовичтің айтуынша, қазақстандықтардың дені сау ұлт қалыптастыруға ұмтылысы спорт пен басқа да салаларда жоғары нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді.
Кездесуде Қазақстанның әлемдік спорт қоғамдастығындағы беделін нығайту және басымдыққа ие спорт түрі ретінде күресті одан әрі ілгерілету перспективасы талқыланды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстандағы күресті дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық күрес федерациясының президентін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.