Ел аумағында бұл жүйе осыдан он жыл уақыт бұрын қолға алынған.
Фото: dauletten.kz
Бүгінгі таңда әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігі мемлекет аумағындағы халықтың әл-ауқаты немесе табиғи байлығымен ғана емес, инфрақұрылым сапасын көтеру, инвестиция тарту, мемлекеттік қызметтерді жақсарту сынды көрсеткіштермен де өлшенеді. Сондықтан да көптеген дамушы мемлекеттер бұл салаларды дамыту үшін мемлекет қазынасына ғана байланып отырмай, жеке сектордың да күштерін пайдалану ісіне назар аударып келеді. Тиісінше, бұл бағыттағы ең нәтижелі жол – мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі болып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстан билігі де ел экономикасын нығайту, жер-жердегі инфрақұрылымды жақсарту ісіне осы механизмді қолданып жатыр. Бүгінгі күнге дейінгі уақыттың өзінде арнайы заң қабылданып, энергетика, цифрландыру, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау сынды салаларда жүздеген маңызды жоба іске асты. Нақтырақ айтсақ, бұл механизм аясында жеке сектор өкілдері өз қаражаты мен тәжірибесін қолданса, мемлекет әлеуметтік міндеттерді орындауға жауапты болады. Осылайша, ел қазынасына түсетін салмақ азайып, тұрғындар сапалы қызметпен қамтылады, кәсіпкерлер де ұзақ мерзімді инвестициялық мүмкіндік алады.
Атап өтер болсақ, ел аумағында бұл жүйе осыдан он жыл уақыт бұрын қолға алынған. Бастапқыда күш мектеп, балабақша, емхана және спорт нысандары сынды әлеуметтік жобаларға бағытталды. Кейін бұл механизм жол салу, энергия, коммуналдық инфрақұрылым, цифрлық технология сынды салаларды да қамтыды. Бүгінде ел Үкіметі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қолға алынатын жобалардың санына ғана емес, сапасына, экономикалық тиімділігіне және халыққа тигізетін пайдасына да айрықша назар аударады. Сәйкесінше, кейінгі жылдары біршама өзгеріс енгізілді. Мысалы, қазір экономикалық қайтарымы аз жобаларға берілетін мемлекеттік қолдаулар қысқартылады. Заман талабына сәйкес, жобалардың ашықтығы үшін цифрлық бақылау енгізіліп жатыр. Одан бөлек, ұзақ мерзімге жоспарланған жобаларға қаржы бөлудің жаңа тетіктері қарастырылу үстінде. Яғни, мемлекеттік-жекешелік әріптестік Қазақстандағы инвестициялық саясаттың маңызды бағытына айналуда.
Өйткені, Қазақстан секілді көптеген дамушы мемлекеттердің қазынасы барлық әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға толық жете бермейді. Әсіресе, халық тығыз орналасқан, мектеп, аурухана, ауызсу, жол секілді инфрақұрылымға деген қажеттілік күн сайын артып жатқан өңірлер үшін бұл үлкен проблема. Осындай жағдайда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызы жоғарылай түседі. Бұл механизмнің тағы бір артықшылығы – жек сектор өкілдері де жобаны уақтылы әррі сапалы атқаруға мүдделі болатындығы.
Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік әсіресе, денсаулық сақтау саласына мол пайдасын тигізіп жатыр. Өйткені, осы жүйе қалыптасқалы бері өңірлерде жаңа емханалар, диагностикалық орталықтар, зертханалар, гемодиализ орталықтары мен заманауи медициналық кешендер ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл ел бюджетіне түсетін салмақты жеңілдетіп қана қоймай, отандық медициналық қызметтің сапасын арттыруда.
Білім беру саласы да мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімділігіне көріп отыр. Себебі бұл жүйе ең алдымен осы салада да кеңінен қолданыла бастаған. Сол уақыттан бері білім беру мекемелеріне сұраныс жоғары өңірлерде мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істейтін жүздеген балабақша іске қосылды. Соңғы жылдары мектеп құрылысы бағытына да жаңа тетіктер енгізіліп, жеке қаражатына мектеп салған инвесторға мемлекет ұзақ мерзімді келісім негізінде ақы төлейтін немесе басқа да міндеттемелерді орындайтын болды. Студенттерге арналған жатақханалар да дәл осы жүйе аясында салынып, мемлекет тарапынан әрдір орын үшін өтемақы төленіп келеді. Ал қазір білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін нығайту, бейнебақылау жүйесін орнату, асханалар жұмысы, цифрлық жүйелерді енгізу бағыттары бойынша да белсенді жұмыс атқарылып жатыр.
Бүгінде бүкіл әлемнің басты мәселесіне айналған көлік инфрақұрылымы саласында да мемлекеттік-жекешелік әріптестік маңызды рөл атқарады. Себебі, кейінгі жылдары халықаралық әуежайлар мен автобекеттер құрылысында, ақылы автожол инфрақұрылымын дамыту және логистикалық хабтар құру сынды бағыттарға да мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі енгізілді.
Өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың басында салынып, бүгінгі таңда тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласында да мемлекеттік-жекешелік әріптестік тиімді құрал ретінде қарастырылып отыр. Тіпті кейбір өңірлерде су құбырларын жаңарту, жаңа сорғылар орнату, қазандықтарды автоматтандыру, көшелерді жарықтандыру, коммуналдық саланы цифрландыру сынды жұмыстар атқарылып та үлгерді.
Бәріміз білетіндей қазір Қазақстан үшін цифрлық технологияны дамыту басты мақсатқа айналған. Сәйкесінше, бұл бағытта да жек сектордың күшін кеңінен қолданылып келе жатыр. Отандық ақпараттық жүйелерді жаңғырту, «ақылды қала» жобаларын жүзеге асыру, электронды қызметтің саны мен сапасын арттыру, жол қозғалысын автоматтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бейнекамералар орнату бағыттарында қолға алынған жұмыстар бұл сөзімізге дәлел бола алады.
Бүкіл әлемнің бас ауруына айналған жаңартылатын энергияға көші үдерісінде де Қазақстан мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін тиімді қолданып келеді. Осы орайда жел және күн электр стансаларын салу, электр желісін жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу жобаларын енгізу бойынша инвесторлар тартылып жатыр.
Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, институционалдық тұрақтылық, ашықтық және ұзақ мерзімді жоспарлау - мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің табысты болуының негізі. Мәселен, осы тетікті алғаш болып енгізген Ұлыбританияда ауруханалар, мектептер, жолдар және мемлекеттік әкімшілік ғимараттар жеке инвестиция арқылы салынған. Түркия мемлекеті де соңғы жылдарда осы жүйе арқылы ауқымды медициналық қалашықтар, әуежайлар мен автожолдар салды. Оңтүстік Корея болса бұл тетікті цифрлық технологиялармен байланыстырып, көлік, энергетика және қалалық инфрақұрылым салаларында табысқа қол жеткізді. Біріккен Араб Әмірліктері энергетика, су тұщыту, логистика және қалалық инфрақұрылым бағыттарында жеке сектордың күшін ұтымды пайдаланып келеді. Сондықтан Қазақстан да бұл жүйеге басымдық беріп, қос тараптың әріптестігі аясында атқарылатын жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып отыр.
Дегенмен, сарапшылар бұл салада шешімін күткен мәселелер де бар екенін айтады. Соның ең алғашқысы - кейбір жобалардың экономикалық негіздемесінің дұрыс әзірленбеуі. Соның салдарынан жоба өз мақсатына жете алмай жатады екен. Екінші бір проблема – жоба аясындағы тәуекелдердің қос тарапқа әділ бөлінбеуі. Бұл мәселеден көбіне мемлекет зардап шегетін көрінеді. Сонымен қатар, кейбір жобалар туралы ақпараттарға қол жеткізу қиын болғандықтан, қоғам тарапынан сұрақтар туындап жатады. Күрделі жобаларды әзірлеуге және іске асыруға қызмет ететін тәжірибелі мамандардың тапшылығы да бір мәселе.
Қазақстан үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік қазір қаржыландыру тәсілі ғана емес, экономиканың жаңа моделін қалыптастыратын маңызды құрал. Себебі бұл тетік – мемлекет пен жеке сектордың мүмкіндіктерін біріктіре отырып, маңызы жоғары салаларды дамытуға, заман талабына сай қағидаттарды қолданысқа енгізуге ықпал етеді.
Ендігі кезекте өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені, кейбір аймақтар мен ірі қалаларда инвестор көп болғанымен, ауылдық жерлерде бұл тетікті қолдану қиынырақ. Сол себепті ел Үкіметі әсіресе шағын елді мекендердегі медициналық нысандар, мектепке дейінгі ұйымдар, ауыз су жүйелері, жол және көлік инфрақұрылымы, интернет және цифрлық қызметтер салаларына басымдық беруді жоспарлап отыр. Әлбетте, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесінің нәтижелі болуы мемлекетке ғана емес, жеке сектор өкілдерінің жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Сондықтан қазір келісімшарттарда көрсетілетін талаптарды нақты белгілеуге көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда кез келген саланы дамыту үшін цифрлық технологиялар қалданылатындықтан, мемлекет билігі бұл жүйені басқаруды да автоматтандыруға ерекше назар аударады. Сәйкесінше, бұл жұмыстар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, жобалардың уақтылы орындалуы мен мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Сарапшылар сөзіне сүйенсек, еліміздегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік алдағы уақытта бірнеше бағыт бойынша дамуы мүмкін. Оның алғашқысы – «жасыл» экономика. Себебі, бүгінде климаттың өзгеруі, жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі және экологиялық инфрақұрылым, жел және күн электр станцияларын салу, қалдықтарды қайта өңдеу, энергия үнемдеу технологияларын енгізу бағыттары басымдыққа ие. Екіншісі –цифрлық инфрақұрылым. Ақылды қалалар, жасанды интеллект негізіндегі басқару жүйелері, электрондық қызметтер және телекоммуникациялық инфрақұрылым бойынша жеке сектордың рөлі күшейе бермек. Үшінші – әлеуметтік инфрақұрылым. Мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, мәдениет нысандары сияқты халыққа тікелей қызмет көрсететін жобалар маңыздылығын жоғалтпайды. Төртінші – ауылдық жерлерді дамыту.
Жалпы, Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлі де даму үстінде. Тиісінше, бұл механизм мемлекеттік басқару сапасын көтерудің, инновация енгізудің және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартудың тірегіне айналып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар ашық та әділ жүргізілсе, Қазақстан экономикасы нығая түсері анық.
Б.Мейірханұлы,


