​ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫна мұғалімнен қандай ДАЙЫНДЫҚ керек?

0
342

Ұстаздың әзірлігін жеңілдететін нақты 7 қадам


​ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫна мұғалімнен қандай ДАЙЫНДЫҚ керек?

Сурет: ЖИ

2026–2027 жаңа оқу жылына қарсы Қазақстанның өңір-өңірлерінде Тамыз конференциясы өтетіні белгілі. Бұл жиын мұғалім үшін жай ғана қатысып шығатын жиналыс болмауға тиіс. Ол – алдағы оқу жылындағы жұмыс бағытын нақтылап алатын маңызды кәсіби алаң. Оған «Не айтылады екен?» деп емес, «Жаңа оқу жылында менің пәнім бойынша нақты не өзгереді?» деген сауалмен қатысу керек. Сондай-ақ, оқу бағдарламасындағы өзгерістердің жай-жапсарын өзіңіз де жақсы біліп барған абзал.


Мұғалім тамыз конференциясына не дайындауы керек?

1. Әдістемелік нұсқау хатты мұқият оқу

Тамыз конференциясының ең маңызды құжаттарының бірі – жаңа оқу жылына арналған әдістемелік нұсқау хат. Оны жай оқып шығу жеткіліксіз. Өз пәніңізге қатысты маңызды тұстарын белгілеп, «Менің пәнім бойынша 2026–2027 оқу жылында қандай нәрсе өзгереді?» деген сауалға жауапты қысқаша конспект етіп жасап алған ыңғайлы.


2. 2026–2027 оқу жылындағы өзгерістерді қарап шығу

Ең алдымен жаңа оқу жылына қатысты ресми материалдарды оқып шығу керек. Мәселен, биыл педагогтер әдістемелік сессиялар мен біліктілікті арттыру шараларында жаңартылған оқу бағдарламаларын, бағалаудың жаңа тәсілдерін, тәрбие жұмысын және цифрлық технологияларды қолдануды талқылап жатыр.

Мұғалім өз пәні бойынша мына сұрақтарға жауап дайындағаны дұрыс:

  • Оқу бағдарламасында не өзгерді?
  • Қандай оқу мақсаттары жаңарды?
  • Оқу жүктемесінде өзгеріс бар ма?
  • Бағалауда қандай жаңалық бар?
  • Қандай жаңа тақырыптар немесе тәсілдер енгізілді?
  • Қандай оқу құралдарын пайдалану ұсынылады?


3. Жаңа оқулықтармен алдын ала танысу

2026-2027 оқу жылына бірқатар оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сараптамадан өтті. Олардың ішінде 4 және 8-сыныптарға арналған оқу әдебиеттері, 7 және 9-сыныптардың «Дүниежүзі тарихы», 9 және 10-сыныптардың «Құқық негіздері» оқулықтары бар. Электронды оқу басылымдары да қарастырылған. Сондықтан мұғалім жаңа оқулықты қолына алған кезде:

  • мазмұнын қарап шығуы;
  • бұрынғы оқулықпен айырмашылығын белгілеуі;
  • жаңа тақырыптарды анықтауы;
  • тапсырмалардың күрделілігін бағалауы;
  • цифрлық ресурстардың бар-жоғын тексеруі керек.

Бұл конференцияда жаңа оқулықтың артықшылығы мен кемшіліктерін талқылау кезінде тұщымды пікір айтуға көмектеседі.


4. Өз тәжірибеңізден бір жақсы мысал дайындаңыз

Тамыз конференциясына тек теориямен бармаған дұрыс. Әр ұстаз өзінің өткен оқу жылындағы бір сәтті тәжірибесін дайындап қойса, конференциядағы пікірталасқа белсенді араласу оңай болады. Мысалы «Мен оқушылардың мәтінмен жұмыс дағдысын дамыту үшін мына әдісті қолдандым. Нәтижесінде оқушылардың тапсырманы орындау белсенділігі артты». Немесе «Бұл әдіс әлсіз оқушылармен жұмыс кезінде тиімді болды». Бір ғана нақты мысалдың өзі ұзақ теориядан әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін.


5. Қиындықтарды да саралап барыңыз

Конференцияға тек жетістіктерді емес, шешімін таппаған мәселелерді де жазып барған жөн. Мысалы:

  • оқушылардың оқу сауаттылығы төмен;
  • жазылым дағдысында қиындық бар;
  • сабақта AI құралдарын тиімді пайдалану жолы түсініксіз;
  • кей оқушылардың оқу мотивациясы төмен;
  • ата-анамен кері байланыс жеткіліксіз;
  • ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушымен жұмыс кезінде қосымша әдіс қажет.

Әр мәселенің қасына «Оны жаңа оқу жылында қалай шешемін?» деген сұраққа бір ұсыныс жазып қойыңыз.


6. Жасанды интеллект бойынша дайындық

2026–2027 оқу жылында білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдалануға ерекше назар аударылып отыр. Министрлік материалдарында AI мұғалімді алмастыратын емес, оның тиімді көмекшісіне айналуы тиіс деген бағыт көрсетілген. Сондықтан мұғалім конференцияға дейін AI-ды:

  • сабақ жоспарын әзірлеуде;
  • тапсырма деңгейін саралауда;
  • мәтін немесе тест құрастыруда;
  • идея жинақтауда;
  • оқушы жұмысына кері байланыс дайындауда қалай пайдалануға болатыны туралы кемінде бірнеше нақты мысал дайындап барғаны абзал.


7. Бір минуттық кәсіби таныстырылым дайындаңыз

Егер секциялық отырыста сөз берілсе, алдын ала дайындалған қысқа құрылым өте көмектеседі:

«Мен кіммін? → Қандай мәселені зерттедім? → Не істедім? → Қандай нәтиже алдым? → Жаңа оқу жылында не ұсынар едім?»

Мысалы «Мен – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Өткен жылы оқушылардың жазылым дағдысын дамытуға басымдық бердім. Сабақта қысқа жазба, өзіндік бағалау және жұптық редакциялау әдістерін қолдандым. Биыл осы тәжірибені цифрлық құралдармен толықтыруды жоспарлап отырмын».

Тамыз конференциясының құндылығы – өзгелердің ақпаратын тыңдауда ғана емес, сол ақпаратты өз пәніңізге және оқушыларыңыздың қажеттілігіне бейімдей алуда.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Әр МҰҒАЛІМ жатқа білуі керек БҰЙРЫҚтар
ОҚУШЫНЫҢ ТЕЛЕФОНЫ: сабақ үстінде мәселені шешудің қадамдары