1 қазанда салықты төлемеген жағдайда, жеке тұлғада берешек пайда болады, ол сомаға күнде өсімпұл есептеледі.
сурет:hr-portal.ru
ERNUR.KZ. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салық берешегі бар жеке тұлғалар білуі керек мәліметтермен бөлісті, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желіде және мессенджерлерде таралған «салық берешегі бар жеке тұлғаларға 1 қазаннан бастап банк қызметтері көрсетілмейтіні» жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды.
«Жеке тұлғалардың 2017 жылдың мүлік және жер салықтары бойынша міндеттемелерінің төлеу мерзімі 2018 жылдың 1 қазанында аяқталады. Жоғарыда көрсетілген мерзімде салықты төлемеген жағдайда, жеке тұлғада берешек пайда болады, ол сомаға күнде өсімпұл есептеледі», деп түсіндіреді комитет.
Банктер салықтық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге (заңды тұлғаларға да, дара кәсіпкерлерге де, жеке тұлғаларға да) банктік шотты ашудан бас тартатын құқығы жоқ.
«Салық кодексіне сәйкес салықтық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар тұлғаларға басқа банктік қызметтерді көрсетуден бас тарту қарастырылмаған», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, салық төлеушілер комитеттің сайтынан берешегі бар/жоқ екендігін онлайн режімде тексере алады. Қазір мемлекеттік кірістер органдарына салық төлеушілердің көп келуіне байланысты қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты сағат 20.00-ге дейін ұзартылды, сондай-ақ қызмет көрсетуге қосымша қызметкерлер бөлінген.