"Менің жалғыз әйелім бар": Абзал Құспан өзін көп әйел алуды заңдастыруды ұсынды дегендерге жауап берді

0
114

Депутат некесіз туған балалардың құқығын сөз еткенін алға тартты.


Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Желіде көп әйел алуды заңдастыру мәселесімен көпшіліктің назарын аударған дептуат Абзал Құспан өзінің сөзіне түсініктеме берді, деп жазады stan.kz.

Айтуынша, көп әйел алуды қолдамайды. Қазіргі жұбайымен өмірінің соңына дейін бірге болғысы келеді. Желідегі пікірлер оның сөздерін соңына дейін тыңдамай, үстіртін қараудан туған. Депутат некесіз туған балалардың құқығын сөз еткенін алға тартты.

Халықаралық тәжірибеге сүйенген депутаттың айтуынша, Франция (1972 ж.), Германия (1969 ж.), Ұлыбритания (1987 ж.) және Скандинавия елдері (1960-жылдары) азаматтық және отбасылық заңнамаға түзетулер енгізіп, "некеден тыс туған бала" деген ұғымды алып тастаған және барлық баланы құқықтары бойынша теңестірген.

Бұл реформалар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының және кейіннен Қазақстан да ратификациялаған Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды.

Конвенцияның 2-бабында мемлекеттер әрбір баланың құқығын "оның қай жағдайда туғанына немесе өзге де мән-жайларға қарамастан" қамтамасыз етуге міндетті екені жазылған. Яғни, халықаралық құқық баланы некеде не некеден тыс туғанына қарай кемсітуге жол бермейді.

Ал 7-бапқа сәйкес, бала "туылған сәтінен бастап есім алуға, азаматтыққа, өз ата-анасын білуге және олардың қамқорлығында болуға құқылы". Бұл құқықтар баланың туған сәтінен бастап автоматты түрде пайда болады, ал оларды қамтамасыз ету міндеті тек анаға немесе туыстарға емес, ең алдымен мемлекетке жүктеледі.

Қазақстанның "Неке және отбасы туралы кодексінің" 52-бабы да некеде және некеден тыс туған балалардың теңдігін мойындайды. Алайда іс жүзінде бұл норма көбіне декларативті сипатта ғана қалып отыр, өйткені баланың құқықтарын қорғау көбіне ананың әрекетіне, ол сотқа арыз бере ме, әкелік құқықты рәсімдей ме, алимент өндіріп ала ала ма соған байланысты байланысты болып отыр.
Шындығында ана әлеуметтік тұрғыда әлсіз болып, заңды білмеуі немесе өз құқықтарын қорғай алмауы мүмкін. Кей жағдайда анасы қайтыс болады немесе баланы туыстарына қалдырып кетеді. Егер баланы анасынан басқа ешкім қорғамаса, оны кім қорғайды, мемлекет қорғай ма деген сұрақ туындайды.

Депутат Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының қағидаттарын жалпы қабылдағанымен, оның тәжірибелік тетіктері толық іске аспағанын айтады.

Айтуынша, "Бала құқықтарының теңдігі" қағидасы іс жүзінде мемлекетке емес, ананың белсенділігіне тәуелді. Халықаралық стандарттарға сай болу үшін мемлекет бала құқықтарын ата-анасының іс-әрекетіне қарамастан, өз бастамасымен қорғауға міндетті. Бұл үшін заң жүзінде нақты механизм бекітілуі қажет.

"Мен көп әйел алушылықты да, некеден тыс қатынастарды да ақтамаймын және оны насихаттамаймын. Керісінше, бұл құбылысқа қарсымын. Бірақ біз қандай көзқараста болсақ та, туған баланың бар екенін және мемлекет алдындағы жауапкершілікті жоққа шығара алмаймыз. Мәселе қандай жағдайда дүниеге келсе де баланың құқықтарын қорғау керек", - деп түйіндеді сөзін Абзал Құспан.